Курсы валют
Погода
Вс | Вт | Ср | Чт | Пт | Сб |
+13° | +20° | +23° | +21° | +22° | +23° |
+11° | +12° | +13° | +13° | +11° | +13° |
Алматы көшелеріндегі шамдар заманауи үлгіде жаңартылмақ
— Алматы — ерекше жасыл қала. Мұндағы ағаштардың көптігі — қаланың экожүйесінің ажырамас бөлігі. Дегенмен, көше бойындағы жарық шамдарына түскен көлеңке жолдардың жарық сапасын төмендетіп отыр. Біз бұл мәселені шешу үшін өзге мекемелермен бірлесе отырып, ағаштарды санитарлық тұрғыдан ретке келтіріп, шамдарды ағаштардың жапырағынан жоғары орналастыруды қолға алдық. Осы мақсатта биыл алғаш рет биіктігі 4 метр болатын жаңа кронштейндер орнатыла бастады, — дейді кәсіпорын басшысы.
Жаңа кронштейндердің биіктігі халықаралық талаптарға толық сәйкес келеді. Жолдар үшін тіректердің биіктігі 7-12 метр аралығында таңдалады. Ал саябақтар мен скверлерде бұл көрсеткіш 3-7 метр шамасында болады. Мұндай өлшемдер жол қауіпсіздігі мен эстетикалық талаптарды ескеріп бекітілген.
— Қазір тротуарларды жарықтандырудың жаңа жүйесі енгізілуде. Мәселен, Алмалы ауданында ғана 300-ден астам кронштейн орнатылды. Осы шамдар арқылы тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарының жарық сапасы айтарлықтай жақсарды. Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың бастамасымен түнгі уақытта жаяу жүргіншілер өткелдерін жарықтандыру жұмыстары да жүргізілуде, — дейді Игорь Мысик.
Жаңа шамдардың басты ерекшелігі — олар жол төсемесіне тікелей жарық түсіріп, көлеңке түсу ықтималдығын азайтады. Жаңа жүйе орталық көшелерде сыннан сәтті өтті. Енді жоба қаланың өзге аудандарында да жалғасын табады.
— Кронштейндер жолдың үстінен орналастырылады және жарық ағыны дәл жолдың ортасына бағытталады. Мұндай шешім ағаш жапырақтарынан түсетін көлеңкені болдырмай, жол қауіпсіздігін арттырады. Қазіргі уақытта мұндай шамдар Алматы орталығындағы бірнеше көшеге қойылды, алдағы уақытта басқа да аудандарды қамтимыз, — деп түсіндірді ол.
2024 жылы Алматы қаласында 25 мыңнан астам шам ауыстырылды, 250 шақырымнан артық кабель желісі жаңартылды, сондай-ақ 1800 жаңа тірек орнатылды. Бұдан бөлек, 5000-нан астам ескі шам энергия үнемдейтін жарықдиодты (LED) шамдарға алмастырылды. LED технологиясы жарығырақ, ұзақ қызмет етеді және электр энергиясын үнемдеуімен ерекшеленеді. Аталған жұмыстар «Алматы Қала Жарық» мекемесіне өткеннен кейін қолға алынған болатын, себебі бұған дейін бұл саладағы жұмыстарды жекеменшік консорциум атқарып келген. 2024 жылы аталған консорциуммен келісімшарт бұзылып, желілерге қызмет көрсету тікелей мемлекеттік кәсіпорынға жүктелді.
Президенттің тапсырмасы аясында Алматы қаласын толық жарықтандыру міндеті қойылған. Осы орайда «Алматы Қала Жарық» кәсіпорны 2025 жылдың соңына дейін қала аумағын 100% жарықпен қамтуды жоспарлап отыр.
— Бүгінде біз 22 600 жаңа шам орнатуды қажет ететін 1200 жарықтандырылмаған учаскені анықтадық. Бұл жұмыстар аяқталғанда Алматының барлық аудандары жарықпен қамтамасыз етіледі, — дейді Игорь Мысик.
Қалада қазіргі уақытта шамамен 190 мың жарық нүктесі жұмыс істеп тұр. Қалпына келтіру жұмыстарының алғашқы кезеңі – қолданыстағы желілерді жаңғырту – 85%-ға орындалды. Енді екінші және үшінші кезеңдер қолға алынып жатыр: бұл жаңа желілерді орнату және жүйені автоматтандыру. Сонымен қатар, жарықтандыру бұрынғы саяжай массивтері мен Алматы облысынан қалаға қосылған жаңа аудандарда да кеңейіп келеді.
— Қалада қараңғы аймақтардың пайда болуы көбіне тұрғын үй құрылысының қарқынына байланысты. Егер жобалық жоспарлау кезінде жарықтандыру мамандарының пікірі ескерілсе, мұндай мәселелер мүлде туындамас еді. Бүгінде біз олқылықтардың орнын толтыру үшін жедел шаралар қабылдап жатырмыз, — деді Мысик.
Алматы көшелерін көлеңкесіз, жарқын әрі қауіпсіз ету мақсатында жүргізіліп жатқан бұл ауқымды жұмыстар қаланың жаңа келбетін қалыптастырып қана қоймай, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне тікелей әсер етпек. Уақыт өте келе қала тұрғындары бұл өзгерістердің игілігін толық сезінетіні анық. Қала әкімдігі бұл ретте жұмысқа білек сыбана кірісіп отыр.
Олжас Әбдіхалық