Погода

+12
°
C
H: +16°
L: +
Алматы
Понедельник, 30 Май
Прогноз на неделю
Вс Вт Ср Чт Пт Сб
+13° +20° +23° +21° +22° +23°
+11° +12° +13° +13° +11° +13°

Қазақтың бас ақыны - Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл

Қазақтың ұлы ақыны, ойшылы және ағартушысы Абай Құнанбайұлы – ұлт руханиятының темірқазығы, қазақ әдеби тілінің дамуына, ұлттық сананың оянуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Ол өз шығармаларында адамгершілік, білім, еңбек, бірлік пен әділеттілік идеалдарын дәріптеп, халықты жаңғыруға, өркениетке ұмтылуға үндеді. Абайдың «қара сөздері» мен өлеңдері – қазақ философиясының алтын қазынасы, ал әндері – халық жадында мәңгі сақталған асыл мұра. Оның ойлары мен мұраттары ХХІ ғасырдағы қазақстандық қоғам үшін де өзекті.
15.08.2025
Қазақтың бас ақыны - Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл

Абайдың әдебиеттегі жаңашылдығы – қазақ поэзиясын философиялық мазмұнмен байыту, өмір, қоғам, адам болмысы туралы терең ой айту, өлең құрылымына жаңаша ырғақ пен өлшем енгізу. Ол халықты білімге, еңбекке, әділдік пен бірлікке үндеді. «Қара сөздері» – қазақ прозасындағы тұңғыш көркем-ойшылдық туынды саналады, онда адамгершілік қағидаттары мен ұлттық өзіндік сананы көтеру мәселелері кеңінен қамтылған.

Абай – композитор ретінде де қазақ музыкасын жаңа белеске шығарды. «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Сегіз аяқ» сияқты әндері ұлттық мәдениеттің алтын қорына енді.

Өмірінің соңына дейін Абай ел ішіндегі әділетсіздікпен, надандықпен күресіп, өз халқының болашағы үшін қайсарлық танытты. Оның идеялары ХХ ғасырдың басындағы Алаш қозғалысына рухани дем берді, ал тәуелсіз Қазақстанда Абайдың мұрасы – ұлттық бірегейліктің, мәдени жаңғырудың символына айналды.

Бүгінде Абай шығармалары әлемнің көптеген тіліне аударылып, оның есімі ЮНЕСКО көлемінде ұлықталды. Абай – тек бір дәуірдің ғана емес, барлық заманның ойшылы, әлемдік деңгейдегі гуманист тұлға.

Алматыда ұлы қазақ ақыны, ойшылы, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай «Алаштың Абайы» атты бірегей театрландырылған-концерттік қойылым көрерменге ұсынылды. Республика сарайының сахнасында сөз, музыка және би өнері тоғысқан көркем туындыға 200-ден астам өнерпаз қатысты.

Кешті Қазақстан театр және кино өнерінің аңызы, КСРО халық артисі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов ашты. Ол Абайдың терең мағыналы жырларын оқып, көрерменді сырлы сезім мен ойға жетеледі. Сахна төрінде сондай-ақ Тұңғышбай Жаманқұлов пен Саят Мерекенов өнер көрсетті.

Көрермендер назарына «Жаңа ғасыр» театры мен «Салтанат» би ансамблі әзірлеген «Абай–Тоғжан» сахналық қойылымы ұсынылды. Музыка, драмалық ойын және би бір арнада тоғысып, ақынның өміріндегі нәзік сезім мен махаббат сәттерін бейнеледі.

Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев мерейтойлық шаралардың ауқымына тоқталды:

– Бүгін таңертеңнен бастап Абай даңғылындағы ақын ескерткішіне шамамен 5 мың адам жиналып, оның әндерін орындап, гүл шоқтарын қойды. Кешке 200-ден астам артист сахнада Абайға арналған қойылым көрсетті. Жалпы, қала әкімдігінің бастамасымен мерейтой аясында 120-дан астам мәдени іс-шара өтуде, – деді ол.

Кештің ең әсерлі сәттерінің бірі – «Sensitive» би театрының нөмірі болды. Есту қабілеті нашар өнерпаздар қимыл тілі мен жүрек жылуы арқылы Абайдың жырларын жеткізіп, залды толқытып жіберді.

Сондай-ақ 100 баладан құралған «Бозторғай» хоры ұсынған «Біз – Абайдың ұрпағымыз» атты сахналық қойылым көрермендерді тәнті етті.

Сахнада Роза Рымбаева, Айгүл Қосанова, Венера Алпысбаева, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының артистері, «Жетігеншілер», «IL CANTO» ансамбльдері және басқа да өнер ұжымдары Абайдың мәңгілік мұрасына айналған әндерін орындады.

Көрермендер «Көзімнің қарасы», «Сегіз аяқ», «Айттым сәлем, қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай» сынды туындыларды тыңдап, қазақ мәдениетінің бай қазынасымен қайта қауышты.

Кештің финалында барлық қатысушы мен хор «Желсіз түнде жарық ай» әнін бірлесе орындап, залдағы мыңдаған жан Абайға деген шексіз құрмет пен рухани байланыс сезімінде болды.

Кальбинур ХОШНАЗАРОВА