Курсы валют
Погода
| Вс | Вт | Ср | Чт | Пт | Сб |
| +13° | +20° | +23° | +21° | +22° | +23° |
| +11° | +12° | +13° | +13° | +11° | +13° |
Алматыда тоғызқұмалақтан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты өтті
Чемпионаттың салтанатты рәсіміне құрметті қонақтар ретінде Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Бәйменов, Қазақстан тоғызқұмалақ федерациясының басшысы Әкім Тұрсұн, қалалық мәслихат депутаттары, спорт басқармасының өкілдері, Алматы Қоғамдық кеңесінің мүшелері, сондай-ақ шетелдік делегациялар мен федерация мүшелері қатысты.
Биылғы әлемдік дода «классика» (онлайн және офлайн), рапид және блиц форматтарында өтті. Жасөспірімдер өздерінің логикалық ойлау деңгейін, стратегиялық шеберлігін көрсетіп, ұлттық ойынды жаңа қырынан дәріптеді.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов қатысушылардың жоғары дайындығына тоқталып:
«Алматыда бұл көне ойынмен айналысатын он мыңнан астам спортшы бар, қазір олардың саны артып келеді. Сіздер тоғызқұмалақты әлемде дамытуға зор үлес қосып отырсыздар. Әртүрлі елден келген спортшылардың Алматыға жиналуы осы ойынға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Әрбір қатысушы жоғары деңгейдегі дайындық көрсетумен қатар, жаңа достар тапты, ал шетелдік қонақтар халқымыздың салт-дәстүрімен танысып, қаламыздың көрікті жерлерін көрді», – деді.
Чемпионаттың ең маңызды ойларын Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Бәйменов айтты. Ол ұлттық ойынды әлемге кеңінен таныту жолында жасалып жатқан жұмыстардың ерекше мәнге ие екенін атап өтті.
Әлихан Бәйменовтің сөзінше, тоғызқұмалақ қазір тек спорт емес, халықаралық мәдени байланыстарды нығайтатын көпірге айналып келеді:
«Тоғызқұмалақтың әлемдік аренада кең таралуы – біздің ортақ мақсатымыз. Бұл чемпионаттың Алматыда өтуі кездейсоқ емес. Қала бүгінде осы спорттың халықаралық даму орталығына айналып келеді. Бүгінгі жарыс жастардың зияткерлік әлеуетін арттыруға үлкен мүмкіндік берді. Әртүрлі елден жиналған жас спортшылар бір-бірімен жарысып қана қоймай, достық қарым-қатынас орнатты. Бұл – тоғызқұмалақтың адамзатты жақындастыратын қасиетінің айқын дәлелі», – деді ол.
Сонымен қатар Әлихан Бәйменов тоғызқұмалақтың жастар үшін практикалық маңызын ерекше атап өтті:
«Бұл ойын логикалық ойлауды дамытады, аналитикалық қабілетті күшейтеді. Тоғызқұмалақтың танымалдылығы мен тәжірибелік пайдасын ойынды терең меңгергендер жақсы біледі. Біз бұл спорт түрін әлемге насихаттауды тоқтатпаймыз. Алматы алдағы уақытта да тоғызқұмалақтың ірі халықаралық орталығы болады деп сенемін», – деп жүлдегерлер мен жеңімпаздарға жүрекжарды тілегін білдірді.
Әлемнің әр түкпірінен жиналған жас спортшылар ұлттық ойынды халықаралық аренада насихаттап қана қоймай, Қазақстанның мәдениетін, салт-дәстүрін, қонақжайлығын да жақыннан танып қайтты. Чемпионаттың мазмұнды өтуі – еліміздің зияткерлік спортқа көңілінің ерекше екенінің айқын көрінісі.
Ұлттық ойынның әлемдік деңгейге шығуы – тек спорт саласы үшін емес, Қазақстанның мәдени дипломатиясы үшін де үлкен жетістік. Биылғы чемпионат Алматыны тоғызқұмалақтың жаһандық орталығы ретінде тағы бір мәрте танытты.
Олжас Әбдіхалық

