Погода

+12
°
C
H: +16°
L: +
Алматы
Понедельник, 30 Май
Прогноз на неделю
Вс Вт Ср Чт Пт Сб
+13° +20° +23° +21° +22° +23°
+11° +12° +13° +13° +11° +13°

Алматыда белгілі жазушы Сапарғали Бегалиннің 130 жылдығы кең көлемде аталып өтеді

Алматыда биыл қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, фольклоршы, қоғам қайраткері Сапарғали Ысқақұлы Бегалиннің туғанына 130 жыл толуына арналған ауқымды мәдени шаралар бастау алды. Жазушының мол әдеби мұрасы мен қазақ руханиятына қосқан баға жетпес үлесі еліміздің мәдени өмірінде ерекше орын алып отыр.
20.11.2025
Алматыда белгілі жазушы Сапарғали Бегалиннің 130 жылдығы кең көлемде аталып өтеді
Сапарғали Бегалин – ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті мен мәдениетінің аса көрнекті өкілі. Ол балалар әдебиетінің дамуына зор еңбек сіңіріп, ұлттық фольклорды жинап, зерттеп, сақтауға айрықша үлес қосты. Өмір бойы киелі сөз өнеріне адал болып, халық ауыз әдебиетінің інжу-маржандарын болашақ ұрпаққа жеткізуге күш салған тұлға ретінде қазақ қоғамының тарихи жадында қалды.
 
Жазушының шығармашылығы мен өмір жолына қатысты есте қаларлық деректердің бірі – оның қазақ зиялылары арасындағы беделі. Замандастары оны парасатты, ізгі ниетті, шәкірт тәрбиелеуге және ұлттық мәдениетті дамытуға бар күшін арнаған қайраткер ретінде сипаттайды. Белгілі ғалымдар мен қаламгерлер – Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұланмен тығыз араласуы да оның тұлғалық болмысының биіктігін айғақтайды. Мұхтар Әуезовтің өзі: «Сапекең өз машығы, өз сөз өрнегі, өз мазмұны бар белгілі қазақ ақыны болуымен қатар, есімі бүкіл елге мәлім балалар жазушысы» – деп ерекше бағалаған.
 
Жазушының немересі Гүлнар Бегалина атасының адамдық болмысы мен шығармашылық әлемінің тереңдігіне тоқталып, оның рухани байлығының қазіргі ұрпаққа үлгі болып қала беретінін атап өтеді. Оның айтуынша, Сапарғали Бегалин қиын-қыстау кезеңдерде де адамға деген мейірім мен жылылықты жоғалтпаған, шығармашылығында да осы қасиеттерді басты құндылық ретінде көре білген.
 
Алматы қаласында жазушының 130 жылдық мерейтойына орай бірқатар мәдени бастамалар қолға алынып жатыр. С. Бегалин атындағы Орталық қалалық балалар кітапханасы мерейтой жылын арнайы бағдарлама аясында өткізуді жоспарлаған. Бағдарламада көрмелер сериясы, жазушының шығармашылығына арналған әдеби сағаттар, тақырыптық кездесулер, жас оқырмандарға арналған танымдық шаралар мен шығармашылық кештер қарастырылған. Кітапхана ұжымы Бегалиннің әдеби мұрасын кеңінен насихаттауды, балаларды классикалық қазақ әдебиетіне жақындатуды басты мақсат ретінде қойып отыр.
 
Алматы қаласындағы мәдени мекемелерде жыл бойы шығармашылық жобалар, фольклорлық кештер және жазушының мұрасын жаңаша форматта танытатын интерактивті іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар, жас буын үшін Сапарғали Бегалиннің ертегілері мен әңгімелеріне арналған авторлық оқу клубтары мен әдеби шеберлік сабақтарын өткізу жоспарланады.
 
Ұлттық әдебиеттің алтын қорын толықтырған қайраткердің 130 жылдығын атап өту – қазақ балалар әдебиетінің тарихына қайта назар аударуға, төл мәдениетті тереңірек тануға мүмкіндік беретін маңызды оқиға. Алматы қаласы биыл осы мерейтойды мазмұнды әрі мәнді түрде өткізіп, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуды көздеп отыр.