Погода

+12
°
C
H: +16°
L: +
Алматы
Понедельник, 30 Май
Прогноз на неделю
Вс Вт Ср Чт Пт Сб
+13° +20° +23° +21° +22° +23°
+11° +12° +13° +13° +11° +13°

Әділетті Қазақстанға бастар жол: Алматыдағы мемлекеттік қызмет реформалары қалай жүзеге асуда?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы ел дамуының басты идеологиялық және институционалдық негізіне айналды. Бұл бағыт тек экономикалық өсім мен құқық үстемдігін қамтамасыз етумен шектелмейді, сонымен бірге мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі жаңартуға жол ашты.
27.11.2025
Әділетті Қазақстанға бастар жол: Алматыдағы мемлекеттік қызмет реформалары қалай жүзеге асуда?

Соңғы жылдары Алматы қаласында мемлекеттік қызмет саласында ауқымды өзгерістер іске асырылып келеді. Сол жаңашылдықтар мен реформалардың мазмұны туралы бізге Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Шынарай Әлімхан айтып берді.

– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру мәселесіне айрықша назар аударылды, – деді Шынарай Нұрланқызы. – Осы мақсатта 2024–2029 жылдарға арналған Мемлекеттік қызметті дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Құжаттың басты мақсаты – мемлекеттік қызметті адамға бағдарланған, сервистік сипаттағы жүйе ретінде жетілдіру.

Алматыда бұл бағытта кәсіби кадр даярлау, HR-саланы цифрландыру және мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру шаралары белсенді іске асып жатыр. Мемлекеттік қызметке ерте кәсіби бағдарлау мектеп пен жоғары оқу орындарында қолға алынған. Сондай-ақ, лауазымдық ротация кеңейтіліп, әлеуметтік кепілдіктерді күшейту тетіктері қарастырылуда.

– Бүгінде мемлекеттік қызметке кіру процесі барынша ашық әрі қолжетімді болуы тиіс, – деді ол. – 2024 жылдың 1 наурызынан бастап елімізде мемлекеттік органдар жаңа форматта конкурс өткізуге көшті. Ал Алматы қаласында 1 шілдеден бастап жергілікті атқарушы органдарда бос лауазымдарға онлайн түрде өтініш беру мүмкіндігі іске қосылады.

Бұл жүйенің басты артықшылығы – E-qyzmet платформасының толық автоматтандырылуы. Үміткер тек ЭЦҚ мен веб-камерасы бар компьютер арқылы тіркеліп, қажетті құжаттарды онлайн тапсырады. Жүйе үміткердің біліктілігі мен соттылық тарихын автоматты түрде тексеріп, адам факторын жояды.

Онлайн сұхбат та бейнебайланыс арқылы өтеді. Барлық бағалау нәтижелері жүйеде тіркеліп, жеңімпаз автоматты түрде анықталады. Бұл – шынайы бәсекелестік пен тең мүмкіндік қағидатын қамтамасыз ететін маңызды қадам.

– Мемлекеттік қызметтің стратегиялық кадрлық резервін қалыптастыру – кадр саясатының маңызды бөлігі, – деді Шынарай Әлімхан. – Алматы қаласы бойынша 30 резервші іріктеліп, оның сегізі қазірдің өзінде басқарма басшылары мен бөлім жетекшілерінің лауазымына тағайындалды.

Бұл бастама жас мамандарға сенім білдіріп, меритократия қағидатын іс жүзінде жүзеге асырып отыр.

– Мемлекеттік қызметшілердің жұмысын бағалау нақты индикаторлар арқылы жүргізіледі, – деді ол. – Бұл бағалау жүйесі толық автоматтандырылған және нәтижеге негізделген басқару моделін қалыптастырады.

Әдеп мәселесі де назардан тыс қалмаған. Алматыда Әдеп жөніндегі кеңес тұрақты жұмыс істейді. Кеңес мемлекеттік қызметшілердің кәсіби этикасын сақтау, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау бағытында ұсыныстар әзірлейді. Сонымен қатар, Әдеп жөніндегі уәкілдер институты белсенді қызмет атқарып, кеңес беру және түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

– Әдеп жөніндегі уәкіл – бұл тек лауазым емес, мемлекеттік мәдениеттің айнасы, – деді Шынарай Нұрланқызы. – Уәкілдер мемлекеттік органдарда, әкімдік аппараттарында және дипломатиялық өкілдіктерде қызмет етіп, азаматтар мен қызметкерлер арасындағы көпір рөлін атқарады.

Мемлекеттік басқару жүйесін реформалау туралы Президент Жарлығы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты түбегейлі қайта құруға бағытталған.

– Бұл өзгерістер Алматы сияқты ірі мегаполисте ерекше мәнге ие, – деді Әлімхан. – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жедел функциялары Ұлттық қауіпсіздік комитетіне беріліп, арнайы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет құрылуда. Ол қаладағы құрылыс, білім, денсаулық сақтау және жер қатынастары саласындағы заңсыз әрекеттермен күреске басымдық береді.

Ал Мемлекеттік қызмет істері агенттігі алдын алу, этика және ашықтық бағыттарын күшейтеді. Бұл – әділеттілік пен есептілік мәдениетін қалыптастырудың шешуші кезеңі.

Алматыдағы департамент азаматтармен кері байланысты нығайту мақсатында «Ашық диалог» алаңында онлайн-конференциялар өткізеді. Мұнда кадрлық іріктеу, әдеп нормалары және мемлекеттік қызмет сапасын арттыру тақырыптары талқылануда.

– Қазір біз жаңа «Мемлекеттік қызмет туралы» заң жобасын әзірлеп жатырмыз, – деді Шынарай Әлімхан. – Бұл заң тек техникалық реттеу емес, мемлекеттік қызметшінің этикасы мен жауапкершілігін құқықтық тұрғыда бекітетін маңызды құжат болады.

Жаңа заңның басты мақсаты – әділеттілік пен адамға бағдарланған қызмет моделін заң жүзінде орнықтыру.

Алматы қаласындағы мемлекеттік қызмет жүйесінде жүріп жатқан реформалар – құрылымдық өзгерістен де терең құбылыс. Бұл – басқару мәдениетінің жаңаруы, мемлекеттік аппараттың адамға бет бұруы.

Адами капиталды дамыту, цифрландыру, ашықтық пен әділеттілік қағидаттары енді декларация емес, нақты өмірге еніп келеді.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті осы бағыттағы өзгерістердің алдыңғы шебінде еңбек етіп, «Әділетті Қазақстанның» нақты келбетін қалыптастыруға үлес қосуда.

 

Олжас Әбдіхалық