Погода

+12
°
C
H: +16°
L: +
Алматы
Понедельник, 30 Май
Прогноз на неделю
Вс Вт Ср Чт Пт Сб
+13° +20° +23° +21° +22° +23°
+11° +12° +13° +13° +11° +13°

Бала өміріне қарсы қылмыс

«21-ші ғасыр, заманауи кезең» - деп жатамыз. Заман өзгеруде дейміз. Бірақ біз өзгеріп жатырмыз ба? Болашағымыз балалар дейміз, бірақ сол балалардың болашағын біз ойлап жатырмыз ба?, балалардың құқықтары қорғалып жатыр ма? Негізі әлем бойынша балалардың құқықтарын қорғау тарихы аз-ақ уақыт емес. Алғашқы ұйым әлемде 1919 жылы пайда болса, 1924 жылы – Ұлттар лигасының Женева Бала құқықтары туралы декларациясы, 1959 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының Бала құқықтары декларациясы қабылданса, 1989 жылы Бала құқықтары туралы конвенция қабылданып, Қазақстан Республикасы бала құқықтарын қорғау жөніндегі маңызды конвенцияларға қосылды. Бұл халықаралық құжатты Қазақстан Үкіметі 1994 жылы ратификациялады. Осы кезден бастап біздің мемлекетіміз миллиондаған қазақстандық балалардың құқықтарын қамтамасыз етуде айтарлықтай жұмыстар атқаруда. Ең бастысы — 2004 жылы тамызда «Бала құқықтары туралы» Заң қабылданды.
23.10.2025
Бала өміріне қарсы қылмыс

Осыған қарамастан біздің Қазақстанда балалар құқығы қалай қорғалуда?  «Бар жақсы-балаларға», «Бала-бауыр етің», «Балалы үй — базар», «Атамды алсаң ал, бірақ ботамды алма» деген қағидамен өмір сүретін қазақ жерінде балаларға деген қамқорлық қандай деңгейде? Қазіргі кезде Қазақстанда балалар күнін тек бірінші маусым күні ғана еске аламыз. Шен-шекпенділер осы күні ғана улап-шулап жетім балалар үйілеріне барып, азын-аулақ сыйлық тапсырып, оны жарнамалап жатады. Бірақ үсті-бастары алба — жұлба болып, белдері бүгіліп дала жұмыстарын атқарып жүрген немесе базарда жүк тасып жүрген әлі сүйегі қатып үлгермеген балғын балалар қаншама! Тіптен азғын адамдардың жас балаларға көрсеткен зәбірлерін естігенде төбе шашың тік тұрады. Аузынан ана сүті кеуіп үлгермеген қыз балаларды жезөкшелікке жегіп қойған адамдардың қатыгездігіне не айтуға болады? Ең қорқыныштысы соңғы жылдары қазақи санамызға педофиль деген қорқынышты терминнің сыналап орнығып келе жатқаны.

Сондай-ақ, қазіргі қоғамда бала құқығын қорғауды ата-ананың мойнына іліп қойып, тиісті органдардың дұрыс жұмыс істемеуін айтпайды. Барлығына кінәлы асырай алмаған ата-ана, ата-аналардың маскүнемдікке салынуы, материалдық жағдайына қарамай баланы өмірге алып келіп, асырай алмаса неге бала санын көбейтеді және тағы-тағысын осындай сылтаулармен халықты алдаумен келеді. Мұндай жағдайға көбінесе күн көрісі төмен отбасының балалары мен қараусыз қалған балалар тап болады. Ал осы жағдайлар болмас үшін мемлекет тарапынан бала құқығы қаншалықты қорғалып жатыр? Бала өміріне қарсы зорлық-зомбылық пен өз-өзіне қол жұмсауды тоқтату үшін қылмыскерлерді қаншалықты қатаң жазалауда?

Қазақтың кемеңгер ұлы Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөзінің салмағы мына заманда тіптен құнды десек қателеспейміз.

Сондықтан болашағымызға сенімді болу үшін балаға қарсы зорлық-зомбылықты жою үшін нақты жоспарлар қоя отырып, нақ қадамдар жасау керек деймін. Бірақ қазіргі кезде бала құқығын қорғау мәселесі бойынша әлі сұрақ көп, жауап жоқ.

Біздің мемлекетімізде бала құқығын қорғау үшін көптеген шаралар атқарылуда. Заң жүзінде бәрі бар, барлығы бекітілген. Алдымен сол заңдар мен заңнамаларға шолу жасап көрелік.

1995 жылы 30 тамыздағы республикалық референдумда қабылданғанҚазақстан Республикасының Конституциясында адам өмірін қорғау15,17,27;

Бала құқығы туралы конвенция - 13, 27, 31;

Қазақстан Республикасының «Бала құқығы туралы» заңында - 8, 10,  

Қазақстан Республикасының Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексінде – 60,70,71  баптарда көрсетілген.  

Негізгі мәселенің бірі ата-ана бала тәрбиелеуде өз міндетін толық атқаруда ма және қалай атқаруда? Осы жерде тоқталатын мәселе: ата-ананың балаға өзін қоғамда қалай ұстау керек, үлкенмен қалай сөйлесу керек, әсіресе балаға білім беруші мұғалімді құрметтеу туралы қандай тәрбие беруде?

Не себепті бұл сұрақтарды шешу керек? Өйткені қазіргі кезде ата-ананың немесе мектептің тәрбиесіне қарағанда қоғамның әсері жоғары болып тұр. Себебі интернет, фейсбук, инстограмм және тағы басқа да ғаламторды қарап өскен бала жауыздыққа жақын болып өсіп келе жатыр. Сондықтан қазіргі кезде неше түрлі жағдайлар болып жатыр. Оған ата-ана шектеу жасай алады ма, жасай алмайды-ау деймін, оны мемлекет тарапынан жүйелі түрде шектеулер қою керек. Ал мектеп тарапынан Қазақстан Республикасының заңдарымен таныстырып отыру қажет.

Осыған байланысты төмендегі құқық бұзушылық туралы заңнамалардың баптарымен атаөаналарды таныстыру керек.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі- 133-бап;

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi – 105,124,141;

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі – 22,23;

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі – 31,69;

Бала өмірін қорғаудағы мемлекеттің ата-анаға қоятын талаптары және оның орындалуы.

Қазастан Республикасы тәуелсіздік алғаннан бері көретініміз ата-ананың өз баласының тәрбиесін мектепке жүктеп қойғандай. Бала сабақ оқымаса неге оқытпадыңдар, мұғалімнің білімі төмен, мен баламды ақылы мектепке беремін дейтіндер көп кездесіп жатады. Ал ақылы мектепте баланың сауаттылығы қаншалықты және қалай көтеріледі, оны ата-ана баланың есіне әрдайым мен ақша төлеп отырмын, сабағыңды оқы дейді. Бірақ осыдан балада жауапкершілік пайда болады ма? Ал жәй мектепте бала әйтеуір мектепке барып келсе болды, баланың сабағын тексермейді, бала оқулық ашпай қайта мектепке келеді. Сондықтан біз алдымен ата-ана өз міндеттерін орындайды ма, соны зерттеп көрейік.

Ата-ана өзінің міндеті мен жауапкершілігін жақсы білуі тиіс:

1. Мәдениетті адам тәрбиелеуге және өз баласын таза өмір сүруге бейімдеуге міндетті;

2. Білім алуына көмектесуге міндетті;

3. Жүйелі білім алуына жағдай жасауға міндетті;

4. Үнемі ата-аналар жиналысына қатысуға, мұғаліммен кездесуге, баласының мектептегі өмірімен танысуға міндетті;

5. Баланың өміріне, денсаулығына зиян келтіретін темекі, арақ, т.б. улы заттарды қолданбауға, олардың балаға зиянды екенін түсіндіруге міндетті;

6.  «Баланы жетіге келгенше тыйма, жетіден он төртке келгенше білім беріп қина, он төрттен кейін үлкен азамат деп сыйла» деген қағиданы берік сақтауға міндетті.

Жоғарыдакөрсетілген талаптар мен міндеттерді ата-налар біледі ме екен? Сондықтан негізгі жұмысты ата-аналармен жүргізген дұрыс деп ойлаймын.

Қазіргі кезде елімізде отбасылық, материалдық, баланың бос уақытының көп болуы, ортаның, ғаламтордың әсері, ата-ана мен бала арасындағы қатынастың болмауы, ата-ананың балаға қоятын талабының жоғары әрі қатаң болуы және тағы басқа көптеген факторлар мен себептердің көбеюі баланы өлімнен, зорлық-зомбылықтан арашалап алып қалуға кері әсерін тигізіп тұр деседе болады. Соның бірі қатыгездікпен өз баласын өлтірген әкенің жауыздығын айтпаса болмайды.

 Баласын өлімге қиған әке:«Сот тергеуімен анықталғандай, 2022 жылғы 4 наурызда Сайрам ауданында 1974 жылы туылған сотталушы 2016 жылы туған ұлын отын жинаймын деген желеумен үйінің алдындағы тоғайға алып кеткен. Куәгерлердің жоқтығын пайдаланып, сотталушының оң қолындағы темір балтаның жалпақ жағымен жәбірленушінің сол жақ самай сүйегіне бір рет соққы берген. Содан денесін көтеріп, мойын аймағына темір балтаның үшкір ұшымен бірнеше рет соққы беріп, нәтижесінде жәбірленушінің басын кесіп алған», - деп хабарлады Түркістан облысы сотының баспасөз қызметі.

Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2022 жылғы 29 шілдедегі үкімімен сотталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша қамтамасыз етілген мекемеде жазасын өтей отырып, бас бостандығынан айыру. 10 жылға педагогикалық қызметке және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айырумен», - деп хабарлады сот.

Осы шешім дұрыс па? Мұндай әкені 15 жыл халықтың төлеген салығына тегін асырағанша өлтіре саған тиімді деп ойлаймын. Себебі ол жақсы тәртібі үшін 7,5 жылдан соң түрмеден шығып келіп, қылмысын қайта қайталамайтынына кім кепіл?

Негізі зорлық-зомбылық және өз-өзіне қол жұмсауға ықпал етуші себептер мен факторлар не деген сұраққа жауап іздеп көрейік.

Зорлық-зомбылық түрлері:

  1. Физикалық - балаға залал не дене жарақатын әкелетін қатыгез дене жазаларын қолдану: үлкендер тарапынан баланы ұрып-соғу.
  2. Эмоционалдық - балаға ересектер тарапынан тұлғаның дамуын тежейтін және мінездің патологиялық бітісін қалыптастыруға әкелетін мерзімді, ұзақ немесе тұрақты психикалық әсер ету. 
  3. Тұрмыстық- бір адамның екінші адамға не туыстарының бірінің екінші туысына зорлық көрсетуі. Бірінші кезекте, отбасы ішіндегі зорлық. Отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастар деп некелі-отбасылық қатынастағы, бірге тұратын немесе бұрынғы ерлі-зайыпты арасындағы қарым-қатынасты айтамыз. Ерлі-зайыптылардың өз келіспеушіліктерін баланың көзінше шешу.
  4. Жыныстық -деп біреуді басқа адаммен сексуалды әрекеттерге мәжбүрлеуді, күштеуді немесе алдап көндіруді айтамыз. Сонымен қатар  педофильдердің балаларды зорлауы және өлтіруі және тағы басқалар.
  5. Рухани -бұл бір адамның рухына, наным-сеніміне, ішкі жан дүниесіне қаса-қана зиян келтіру болып табылады.
  6. Экономикалық -бөгде біреудің ақшасын немесе басқа да материалдық ресурастарын (тұрғын-үй, тағам, киім) бақылап, оны жұмсау. Бұл адамның денсаулығына физикалық және психикалық тұрғыдан әсер етеді.
  7. Еңбек арқылы -түсінігі мен мағынасы жұмыс орнындағы зорлық-зомбылық бір-біріне қарсы бірқатар әрекеттер жасаудан тұрады.
  8. Психологиялық - әдейі өзінің билігі мен бақылауын көрсете отырып, дауыс көтеру арқылы баланың мінез-құлқын өзгертуге талпыну кезінде байқалады. Балаға жоғары талаптар қоя отырып, баланың кезкелген кемшілігін басқа балалармен салыстыру және баланың ойымен санаспау.

Бұл баланың өз-өзіне қол жұмсауына алып келеді?

Өз-өзіне қол жұмсаудың түрлері: асылу, көп мөлшерде дәрі ішу, суға секіру, улану, көліктің, поездің астына түсу, қан тамырын кесу, биік ғимараттардан секіру.

Зорлық-зомбылық және өз-өзіне қол жұмсау мәселелеріне ықпал етуші себептер мен факторлар: отбасылық жағдай, материалдық жағдай, жалғыздық, баланың бос уақытының көп болуы, мектеп формасының әртүрлілігі, ортаның әсері, ювеналдық полицияның жүйелі жұмыс істемеуі, ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасының бала психологиясына әсері, әлеуметтік-психологиялық жағдай, оқу орнындағы мұғалімдердің білім беруге қатынасы, ұстаздар мен оқушылардың сырт пішінінің әртүрлілігі (дресс-код), мектеп психологтарының ата-анамен жүйелі түрде жұмыс істеуі, ғаламтордың әсері, моральді төмендету, әртүрлі теріс ұйымдарының ықпалы, мектепте үйірмелердің болмауы, ата-ана мен бала арасындағы қатынастың болмауы, ата-ананың балаға қоятын талабының жоғары әрі қатаң болуы.

 

  1. Баланың көп уақытының бос болуы баланы әр түрлі ойға жетелейді, және ол ойлардың бірі ол өз өзіне қол жұмсау, сондықтан да баланың күн тізімін қадағалап, үйірмелерге беру керек.
  2. ата-ананың балаға деген талабының жоғары және қатаң болуы. Мысалы: Ата ана өте қатаң талап етеді ал ол талап орындалмаған жағдайды қатаң жазалайды сол себепті талапты орындай алмай қалған бала өз-өзіне қол жұмсауға мәжбүр болады. Мысалы әлеуметтік сауалнама нәтижесінде азаматшаның айтуы бойынша оның туыстарының жалғыз үздік оқитын алтын белгі медальның үміткері бір пәннің емтиханынан 4 деген баға алып қалып үйде ата анасының ұрыстанынын біліп өзін өзі биіктіктен лақтырды.
  3. ғаламтордың әсері мынада бала миы әлі қалыптаспаған, бала әлі қалыптаспаған тұлға сол себепті онымен басқару оңай, оған қандай мәлімет берсең де сіңіріп алады, бұл егерде бала ғаламтордан керек емес зиян суицидке итермелейтін мәлеметтерді қабылдаса, өте зиян, сол себепті баланың ғаламтордағы қызығушылығын қадағалау керек.
  4. ұстаздар мен оқушылардың сырт пішінінің әртүрлілігі (дресс-код) әсіресе әйел ұстаздардың дресс-кодты сақтамауы, өзі жартылай жалаңаш, шалбармен, қысқа көйлекпен келуі және т.б.
  5. мектеп психологтарының ата-анамен жүйелі түрде жұмыс істемеуі, психологтар ата-аналармен тек бала мәселесімен келген жағдайда ғана жай кеңес береді, психологтардың тарапынан бастама (инициатива) жоқ.
  6. Ювеналды юстицияның жүйелі жұмыс істемеуі мысалы мен ювеналды полиция немесе мектеп психологтары ата анамен, баламен жұмыс істегенін көрген емеспін.
  7. Материалдық жағдай бала психологиясына қатты әсер етеді. Оқуға қаражатының болуы болмауы. Оның араласатын ортасында әлеуметтік жағдай бірдей балалардың жиналуы.
  8. Жалғыздық жалғыз қалған бала өз еркіндігімен тәрбиесіз өседі ондай балалар суицидке ұшырауы әбден мүмкін. Немесе ата анасының тарапынан көңіл бөлмеушіліктен туындайды.
  9. Баланың көп уақытының бос болуы баланы әр түрлі ойға жетелейді, және ол ойлардың бірі ол өз өзіне қол жұмсау, сондықтан да баланың күн тізімін қадағалап, үйірмелерге беру керек.
  10. ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасының бала психологиясына әсер етуі бұл егер ата ана баланың алдында ұрысып үй мәселелерін шешетін болса онда ол балада психологиялық ауытқулар пайда болады, ол баланың қобалжуы өзін өзі ұстауы өзгереді.
  11. отбасылық жағдай отбасындағы ұрыс керіс ата анасымен ұрысу баланың психикасына кері әсерін береді
  12. мектеп формасының әртүрлілігі жағдайы жоқ балалардың күніне әртүрлі киім кие алмауына әсер етіп қасындағы балаларға қызығып өзін-өзі іштей жеп суицид жасауы мүмкін.
  13. ювеналдық полицияның жүйелі жұмыс істемеуі балалардың өмірде қандай қиыншылық көріп жатқанын ескермеу балалармен психологиялық жұмыс жасамау бәрі суицидке әкеп соғады.
  14. әртүрлі теріс ұйымдарының ықпалы наркотиктік ішімдік ұйымдардың бала өміріне зияны орасан зор себебі осы ұйымдарға кірген бала, шыға алмайды. Және ақшасы таусылғаннан кейін қарызға кіріп суицид жасайды.
  15. ата-ананың бала тәрбиелеудегі міндеттерін білмеуі көп ата ана өз заң тұрғысындағы міндеттерін білмейді оны біз жүргізген сауалнама нәтижесінде көре аламыз. Өз міндеттерін білмейтін ата ана әрине баласын дұрыс тірбиелей алмайды ал өз бағытымен кеткен баланың суицидке ұшырау мүмкіншілігі өте көп.
  16. мектепте үйірмелердің болмауы баланың смартфонан басқа қызығушылығы қалмауына әкеп соғады үйірмаге бармайтын уақыты көп бала әрине ғаламтордың тұтқынына айналып өзін өзі суицидке апарады.
  17. ұстаздар мен оқушылардың сырт пішінінің әртүрлілігі (дресс-код) балалардың пішінінің әртүрлі болуы біреуі толықтау келсе келесісі арықтау келеді ал бұл балалар қасындағы балалардың ересектердің қысымын көп көреді өзінің атына деген мазақ жаман сөздерді естіген бала әрине өмір сүргісі келмейді.
  18. Ата анасымен баланың арасындағы қатынасы болмауы бұл бала ешкімге сырын ашып айта алмайды деген сөз ал барлығын өз ішінде бөліспей сақтап жүретін бала ертелі кешпе өз өзіне қол жұмсайды.
  19. Мектепте құқық негіздері сабағын жүргізу 7 сыныптан басталу қажет. Өйткені бала өмірінде өтпелі кезең осы жастан басталады. Сондықтан құқықтан ақпаратты ертерек берсек, ертерек тәртіп сақтауға келеміз деп ойлаймын. Қанша дегенмен өзім құқық негіздері пәнінен сабақ жүргізгенде балалардың жақсы жаққа көп өзгеретінін көрдім. Заңмен танысып, оны білген адам қанша дегенмен тәртіп сақтауға жақын тұратынына көзім жетті.

 

Зорлық-зомбылық және өз-өзіне қол жұмсау мәселелерін жою жолдары.

Балада бос уақыт қалдырмау:

Баланың ғаламтордағы уақытын азайту:

Ғаламтордың әсері мынада бала миы әлі қалыптаспаған, бала әлі қалыптаспаған тұлға сол себепті онымен басқару оңай, оған қандай мәлімет берсең де сіңіріп алады, бұл егерде бала ғаламтордан керек емес зиян суицидке итермелейтін мәлеметтерді қабылдаса, өзін-өзі суицидке итермелейді деген сөз, сол себепті баланың ғаламтордағы қызығушылығын қадағалау керек.

Қосымша сабақтар:

Баланың сабақ біткеннен соң бос уақытының көп болуы, ата-ананың қадағаламауы баланы әр-түрлі ойға жетелейді, және ол ойлардың бірі ол өз-өзіне қол жұмсау, сондықтан да баланың күн тізімін қадағалап, сабақтан соң бос уақыт қалдырмай, мемлекеттік тегін, мектеп ішінде үйірмелер ұйымдастырып, сол үйірмелерге және тағы басқа да жұмыстарға беру.

Сонымен қатар ең бірінші ата-ана өзін тәрбиелеу қажет.

Ата-ананың өзін-өзі тәрбиелеуі:

Ата-ананың 12 жастан бастап баламен ой бөлісу

Ата-ананың заңнамалардың талаптарын орындауы

Баланың көзінше отбасылық шиеленісті шешпеу

Баламен бірге күнделікті үй тапсырмасын орындау

Баланың үйірмелеріне-қызығушылығына көңіл бөлу

Балаға жан-жақты моральдық көмек көрсету.

 

Ал мемлекет тарапынан заңдар мен заңнамаларға өзгерістер енгізу керек. Мысалы:

ҚР Қылмыстық Кодексi 105-бабы «Өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу» бабын 10 жылдан 25 жылға дейін күшейту

ҚР Қылмыстық Кодексi 106-бабы «Денсаулыққа қасақана зиян келтіру» бабын 15 жылдан 25 жылға дейін күшейту

ҚР Қылмыстық Кодексi 122-бабы «Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау» бабын өмір бойы бас бостандығынан айыруға дейін күшейту

ҚР Қылмыстық Кодексi 124-бабы «Жас балаларды азғындық жолға түсіру» бабын өмір бойы бас бостандығынан айыруға дейін күшейту

ҚР Қылмыстық Кодексi 99-бабы «Адам өлтiру» 3 тармағы «Жас баланы өлтіру» бабын өлім жазасына дейін күшейту

Ювеналды полицияның жүйелі түрде мектеппен жұмыс істеуі

Мектепте тұрақты тегін үйірмелер ашу (спорттық, мәдени және т.б.)

Жалпы тақырыпты ашу барысында бала өміріне қарсы зорлық-зомбылық пен өз-өзіне қол жұмсаусебептері мен факторлары туралыАлматы қаласында әлеуметтік сауалнама жүргізілді. Әлеуметтік сауланама нәтижесі бойынша, зорлық-зомбылықтың және өз-өзіне қол жұмсаудың себептері мен факторлары және оны жою жолдары % есептегенде:

Бала өміріне қарсы зорлық-зомбылық себептері:

  • жыныстық қарым-қатынасты қатты қалауы – 48%;
  • мас немесе есірткі қолдану күйінде – 87%;
  • баласын асырай алмауы – 35%;
  • психологиялық ауытқулары бар адамдардың қылмыстық әрекеттері - 59%.

Оны жою жолдары:

  • ата-ана құқығынан айыру – 55%;
  • өлім жазасы – 22%;
  • еңбек тәрбиесімен, өмір бойына бас бостандығынан айыру – 66%.

Өз-өзіне қол жұмсау себептері:

  • ата-ананың жоғары талаптары – 92%;
  • зиянды ақпараттар: ғаламтор, тик-ток – 87%;
  • баланың бос уақытының көп болуы – 80%;
  • әлеуметтік шеңбер – 77%;
  • ұстаздар мен оқушылардың сырт пішінінің әртүрлілігі (дресс-код) – 74%;
  • жалғыздық – 50%;
  • мектеп үйірмелерінің болмауы – 15%;
  • психологтардың жұмыс істемеуі – 11%.

Тақырыпты зерттей келе алдымыздакейбір сұрақтарға жауап табу қиындық туғызып тұр. Мысалы:

  • түрмеге өмір бойына бас бостандығынан айырып, қауіпті жерлерде еңбек еткіздіру қаншалықты тиімді?
  • бір қылмыскерді қамтамасыз ету үшін жылына қанша қаражат жұмсалады?
  • тәртібінің жақсаруына байланысты түрмеден шығып кетуі мүмкін бе және қылмысын қайта қайталамауына кепілдік бар ма?
  • конституцияда 15 баптың 2 тармағына, «педофильдерге, кәмелетке толмаған азаматтарды өлтіргені үшін, өлім жазасына кесу» деген сөзді қосу керек па?

Сондықтан жоғары басшылардың алдында бала құқығын қорғау заңдары мен заңнамаларын қайта қарап, оның талаптарын күшейту үшін төмендегі ұсыныстарды ұсынамын.

  1. Жоғарыда көрсетілген зорлық-зомбылық және өз-өзіне қол жұмсау мәселелеріне ықпал етуші себептер мен факторларды жою жолдарының толығымен жүйелі түрде жұмыс істеуін;
  2. Мемлекет тарапынан конституцияның 15 бабының 2 тармағына, «педофильдерге, кәмелетке толмаған азаматтарды өлтіргендері үшін өлім жазасына кесу» деген сөзді қосу.
  3. Ювеналдық юстицияның фактіден фактіге дейін ғана емес, жүйелі жұмыс істеуін талап ету.

Бала өміріне қарсы қылмыс: зорлық-зомбылық, өз-өзіне қол жұмсау тақырыбы бойынша мәселелерді реттеу заңнамалары мен ата-анаға қойылатын талаптарды және оның орындалуын, осы мәселелерге ықпал етуші себептер мен факторлар және оны жою жолдарын зерттей келе, бірнеше ұсыныстар ұсына отырып, тақырыпты ашуға тырыстым. Бірақ осының өзінде алда шешілмеген сұрақтар көп. Оны шешу үшін осы тақырыпқа қолдау көрсетіп, жоғары үкімет басшыларына жеткізсек біраз мәселені шешуге болар еді.

 

Асқар БАКИРОВ,

 запастағы полковник