Погода

+12
°
C
H: +16°
L: +
Алматы
Понедельник, 30 Май
Прогноз на неделю
Вс Вт Ср Чт Пт Сб
+13° +20° +23° +21° +22° +23°
+11° +12° +13° +13° +11° +13°

Алматыда әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі жаңа деңгейге көтерілуде

Алматы қаласы әлеуметтік саясатты жаңғырту бағытында нақты қадамдар жасап келеді. Қала әкімінің орынбасары Нұрлан Әбдірахымның айтуынша, әлеуметтік қолдау енді тек қаржылай жәрдем берумен шектелмей, азаматтарды еңбекке тартуға және қоғам өміріне белсенді қатысуына бағытталуда. «Әлеуметтік көмек жүйесінің басты мақсаты – адамның өз әлеуетін іске асыруына мүмкіндік беру. Біз тек жәрдемақы беріп қана қоймай, азаматтарға еңбекке араласу, қоғаммен байланыс орнату және кәсіби дамуға жағдай жасаймыз», — деді Нұрлан Әбдірахым.
27.11.2025
Алматыда әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі жаңа деңгейге көтерілуде

Қалада мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа орналастыру мен бейімдеуге бағытталған «JobCoach» жобасы сәтті іске асуда. Жоба арқылы мамандар ерекше қажеттілігі бар адамдарды еңбекке бейімдеп, олардың кәсіби дағдыларын дамытуға көмектеседі.

Биылғы жылдың басынан бері Алматыда 1 620 адам жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысқан. Бұл көрсеткіш — қаладағы инклюзивті саясаттың нақты нәтижесі.

Қалада қолжетімді орта қалыптастыру да басты назарда. 2030 жылға дейін 34 мыңнан астам қалалық инфрақұрылым нысаны бейімдеуден өтеді. Әрбір нысанның паспортталу барысы «Цифрлық инклюзия»платформасы арқылы бақыланады. Бұл жүйе қоғамдық нысандардың мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін ыңғайлы болуын қадағалауға мүмкіндік береді.

Бүгінде Алматыда 9 медициналық-әлеуметтік мекеме14 үкіметтік емес ұйым және 8 аудандық үйде қызмет көрсету бөлімшесі жұмыс істейді. Бұл ұйымдардың барлығы тиісті лицензияға ие және жыл сайын 7 мыңнан астам алушыға қызмет көрсетеді.

Әлеуметтік қызметкерлердің еңбегін ынталандыру мақсатында 1,6 мың қызметкерге жалақының 30 пайызы көлемінде үстемақы енгізілді. Сонымен қатар, 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығына дейін 1 мыңнан астам маман біліктілікті арттыру курстарынан өтеді.

«Бұл бастама қызмет сапасын арттырумен қатар, әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби деңгейін жаңа деңгейге шығарады. Олар жаңа әдістемелерді меңгеріп, көмек көрсетудің тиімділігін арттырады», — деді қала әкімінің орынбасары.

Алматыда әлеуметтік қолдаудың түрлі бағыттарын қамтитын орталықтар табысты жұмыс істеуде.

-«Ерте араласу орталығы» – дамуында ауытқуы бар 3 жасқа дейінгі балаларға көмек көрсетеді;

-«Отбасыны қолдау орталығы» – ата-аналар мен балаларға психологиялық және әлеуметтік көмек ұсынады;

-«Белсенді ұзақ өмір орталығы» – 24 мыңнан астам зейнеткерге білім беру және әлеуметтік қызметтер көрсетеді.

Бұл орталықтар қоғамның әр түрлі тобына бағытталған және азаматтардың өмір сапасын арттыруға айтарлықтай үлес қосуда.

Нұрлан Әбдірахымның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 150 орындық жаңа оңалту орталығының жобалау жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл орталықта балалар мен ересектерге арналған қызметтер көрсетілетін болады.

Жобаны іске асыру 2026 жылы басталады. Сонымен қатар, Наурызбай, Бостандық және Медеу аудандарындажаңа оңалту орталықтарын ашу жоспарланып отыр. Олардың жалпы қамтуы 200 адамға дейін жетеді.

«Біздің мақсатымыз – әлеуметтік қолдауды нақты нәтижеге бағыттау. Әрбір азамат қоғамның белсенді мүшесі болуға мүмкіндік алуы керек», — деп түйіндеді Нұрлан Әбдірахым.

 

Олжас Әбдіхалық