Курсы валют
Погода
+12
°
C
H: +16°
L: +9°
Алматы
Понедельник, 30 Май
Прогноз на неделю
| Вс | Вт | Ср | Чт | Пт | Сб |
| +13° | +20° | +23° | +21° | +22° | +23° |
| +11° | +12° | +13° | +13° | +11° | +13° |
Алматы жастарының экобелсенділігі артып келеді: «Таза Қазақстан» бастамасы мен тұрақты жобалар қалай жүзеге асып жатыр?
Алматы жастарының экологиялық мәдениетін қалыптастыру – жастар саясатын жүзеге асырудың маңызды бағыттарының біріне айналып отыр. Осыған байланысты тілшіміз Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Әзиз Қажденбекпен сұхбаттасып, қаладағы экологиялық бастамалар, «Таза Қазақстан» акциясының нәтижелері, жастарға арналған тұрақты жобалар және волонтерлерді қолдау шаралары туралы әңгімелесті.
06.03.2026
Алматы жастарының экобелсенділігі артып келеді: «Таза Қазақстан» бастамасы мен тұрақты жобалар қалай жүзеге асып жатыр?
«Таза Қазақстан» республикалық акциясына Алматы жастары қаншалықты белсенді қатысып жатыр?
– Соңғы жылдары Алматы жастарының экологиялық бастамаларға қызығушылығы айтарлықтай артты. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында біз тек тазалық жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асырдық.
2025 жылы қалада 300-ден астам экологиялық іс-шара ұйымдастырылып, оған 65 мыңнан астам адам қатысты. Сенбіліктер барысында аулалар, саябақтар мен қоғамдық кеңістіктерді қоса есептегенде 120 гектардан астам аумақ тазартылып, 200 тоннадан астам тұрмыстық қалдық жиналды.
Сонымен бірге жастардың экобастамаларға қатысуын арттыру үшін түрлі креативті акциялар өткізілді. Мысалы, әлеуметтік желілерде өткен #ЭкоСана науқанына мыңнан астам жас қатысып, өздерінің күнделікті экологиялық әдеттерін көрсетті. Пластик қалдықтарын азайтуға бағытталған челлендждер мен акциялар да кең қолдау тапты. Студенттер оқу орындарының аумағын тазарту, макулатура жинау және қайта өңделетін қалдықтарды сұрыптау сияқты бастамаларға белсенді атсалысты.
Осындай жобалардың нәтижесінде жастар арасында табиғатты қорғау мәдениеті нығайып келеді. Өткен жылы басталған жұмыстар биыл да жалғасып, экологиялық акциялар мен ағартушылық шаралар тұрақты түрде өткізілетін болады.
– Жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру үшін қандай тұрақты жобалар жүзеге асырылып жатыр?
– Экологиялық мәдениетті қалыптастыру бір реттік акциялармен шектелмейді. Сондықтан біз бұл бағытта тұрақты жобалар жүйесін қалыптастыруға басымдық беріп отырмыз.
Солардың бірі – «Экорейнджерлер» бастамасы. Бұл жобаға қатысқан жастар қалалық ортадағы экологиялық жағдайды бақылауға қатысып, тұрғындарға қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін түсіндіреді және ақпараттық жұмыстар жүргізеді.
Сонымен қатар қала аудандарында EcoQala Fest экофестивалі ұйымдастырылып келеді. Бұл шаралар жастарға экология тақырыбын креативті форматта түсіндіруге және экологиялық өмір салтын насихаттауға мүмкіндік береді.
Жоғары оқу орындарымен бірлескен жұмыстар да маңызды бағыттардың бірі. Университеттерде экологиялық лекциялар, пікірталастар, кездесулер өткізіліп, студенттік экоклубтардың жұмысы жанданды.
Қаланың комьюнити-орталықтарында тұрақты түрде өтетін «Таза бейсенбі» акциясы да жастарды экологиялық бастамаларға тартудың тиімді тәсіліне айналды. Оның аясында тазалық жұмыстары ғана емес, қалдықтарды сұрыптау бойынша мастер-кластар мен ағартушылық кездесулер ұйымдастырылады.
Бұл жобалардың барлығы 2025 жылы жүйелі түрде жүзеге асырылды. Биыл да олар жалғасып, жаңа форматтағы бастамалармен толықтырылады.
– Экологиялық жобаларды іске асыратын жастар ұйымдары мен волонтерлерге қандай қолдау көрсетіледі?
– Жастардың бастамаларын қолдау – біздің жұмысымыздың негізгі бағыттарының бірі. Осы мақсатта мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы бірнеше ірі жоба жүзеге асырылып келеді.
Солардың қатарында «Эко рейнджер» жобасы бар. Бұл бастама аясында экологиялық ағартушылыққа бағытталған семинарлар, тренингтер, мастер-кластар және түрлі акциялар ұйымдастырылады. Өткен жылы ғана осындай 26 іс-шара өткізіліп, төрт мыңнан астам жас қамтылды.
Сонымен қатар «Жасыл ел» бағдарламасы жастарды экологиялық жұмыстарға кеңінен тартуға мүмкіндік беріп отыр. Бағдарламаға қатысқан жастар қала аумақтарын тазарту, жасыл аймақтарды ретке келтіру және қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жұмыстарына қатысады.
Жоба барысында қатысушылар қажетті құрал-жабдықтармен және арнайы формамен қамтамасыз етіледі. Бұл тек экологиялық мәселелерді шешуге ғана емес, жастардың еңбек дағдыларын дамытуға да ықпал етеді.
Бағдарлама аясында Жас Эко Патруль де жұмыс істейді. Олар мемлекеттік органдармен бірлесіп санитарлық бақылау жүргізіп, қаланың экологиялық жағдайына мониторинг жасайды.
Алдағы уақытта да жастар ұйымдарының бастамаларын қолдау жалғасып, жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік берілетін болады.
– Экобілімді жастар арасында цифрлық форматта насихаттау бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Қазіргі жастар ақпаратты негізінен цифрлық орта арқылы қабылдайды. Сондықтан экологиялық мәдениетті қалыптастыруда әлеуметтік желілер мен онлайн платформалардың мүмкіндігін кеңінен пайдаланып келеміз.
Соңғы жылдары әлеуметтік желілерде түрлі челлендждер, онлайн кампаниялар және бейнежобалар іске қосылды. Жастар өздерінің экологиялық әдеттері туралы бейнероликтер түсіріп, тәжірибелерімен бөліседі.
Сонымен қатар онлайн форматта өтетін пікірталас клубтары мен интерактивті кездесулер ұйымдастырылып, қалдықтарды сұрыптау, жасыл кампус құру және тұрақты даму тақырыптары талқыланады.
Мұндай цифрлық жобалар жастардың экологиялық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың шығармашылық және медиа дағдыларын дамытуға да мүмкіндік береді.
Жалпы, Алматыда экологиялық мәдениетті дамыту бағытындағы жұмыстар Жастар саясатын жүзеге асыру негізінде кезең-кезеңімен іске асырылады. Өткен жылы қолға алынған бастамалар биыл да жалғасын тауып, жастардың экобелсенділігін арттыруға бағытталған жаңа жобалар көбейеді.
- Сұхбатыңыз үшін алғыс білдіремін.
Сұхбаттасқан Олжас Әбдіхалық
← Назад

