Погода

+12
°
C
H: +16°
L: +
Алматы
Понедельник, 30 Май
Прогноз на неделю
Вс Вт Ср Чт Пт Сб
+13° +20° +23° +21° +22° +23°
+11° +12° +13° +13° +11° +13°

Спортта ерекше жандардың ерекше жетістіктері бар

Қоғамның дамуы әр азаматқа тең мүмкіндік беруден басталады. Әсіресе мүгедектігі бар жандардың спортпен айналысуына жағдай жасау – олардың өмірге деген сенімін арттырып, қоғамдағы орнын нығайтуға ықпал етеді. Шымкент қаласында бұл бағытта нақты жұмыстар атқарылып келеді. Соның айқын мысалы – қаладағы мүгедектігі бар азаматтарға арналған №19 спорт мектебі.
06.03.2026
Спортта ерекше жандардың ерекше жетістіктері бар
Қоғамның дамуы әр азаматқа тең мүмкіндік беруден басталады. Әсіресе мүгедектігі бар жандардың спортпен айналысуына жағдай жасау – олардың өмірге деген сенімін арттырып, қоғамдағы орнын нығайтуға ықпал етеді. Шымкент қаласында бұл бағытта нақты жұмыстар атқарылып келеді. Соның айқын мысалы – қаладағы мүгедектігі бар азаматтарға арналған №19 спорт мектебі.
 
Аталған мекеме ерекше жандардың спортқа деген қызығушылығын қолдап, олардың кәсіби деңгейде шыңдалуына жағдай жасап отыр. Мектеп директоры Мұрат Сопбековтің айтуынша, спорт – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өз қабілетін танытып қана қоймай, үлкен жетістіктерге жетуіне жол ашатын маңызды құрал.
 
«Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты №19 спорт мектебінің негізгі мақсаты – мүгедектігі бар азаматтардың дене шынықтыру және спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасау. Сонымен қатар біз ұлттық құрама командалардың құрамын толықтыратын және халықаралық деңгейде өнер көрсете алатын спортшыларды дайындауға да ерекше көңіл бөлеміз. Мектебіміздің мақтаныштары республикалық, халықаралық жарыстарда топ бастап жүр. Бұл - мүгедектігі бар жандардың спортпен айналысуына жасалған мүмкіндіктердің нәтижесі», – деді ол.
 
Қазіргі таңда мектепте спорттың 18 түрі бойынша жаттығу жүргізіледі. Олардың қатарында суға жүзу, жеңіл атлетика, үстел теннисі, садақ ату, голбол, таэквондо, шоудаун, еркін және грек-рим күресі, футбол, футзал, дзюдо, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, пара би, армрестлинг және пауэрлифтинг бар. Бұл бағыттар ерекше жандардың түрлі қабілетін дамытуға мүмкіндік береді.
 
Мұрат Сопбековтің сөзінше, спортшылардың жаттығу үдерісі мүмкіндігі шектеулі адамдарға бейімделген арнайы спорт кешендерінде өтеді.
 
«Жаттығу сабақтары мүгедектігі бар адамдарға арналған стандарттарға сай жабдықталған спорт нысандарында ұйымдастырылады. Арнайы құрал-жабдықтары бар залдарда келісім-шарт негізінде оқу-жаттығу жұмыстары жүргізіледі», – деді мектеп директоры.
 
Спортшылардың жарыстар мен жаттығуларға қатысуы үшін көлік мәселесі де маңызды. Қазір мектептің қарамағында 2009 жылы шығарылған «Газель 32213» автокөлігі бар. Алайда оның тозуына байланысты жаңа арнайы көлік алу қажеттілігі туындаған.
 
«Автокөліктің пайдалану мерзімі ұзақ болғандықтан, биыл жергілікті бюджет есебінен арнайы көлік сатып алу туралы сұраныс берілді», – деді Мұрат Сопбеков.
 
Спорт мектебінде білікті мамандар жұмыс істейді. Жаттықтырушылар тұрақты түрде кәсіби біліктілігін арттырып, адаптивті дене шынықтыру бағытындағы семинарлар мен курстарға қатысып отырады.
 
Мектеп ұжымының құрамында тәжірибелі мамандар аз емес. Олардың арасында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, спорт шеберлері және спорт шеберлігіне кандидаттар бар. Сонымен қатар жоғары санатты және бірінші санатты жаттықтырушылар да ерекше жандардың спорттық әлеуетін дамытуға үлес қосып келеді.
 
Мұрат Сопбековтің айтуынша, жоғары нәтижеге қол жеткізген спортшылар мемлекет тарапынан да қолдау көреді.
 
«Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің бұйрығына сәйкес, республикалық және халықаралық жарыстарда үздік нәтиже көрсеткен мектептің 62 спортшысына ай сайын қаржылай төлем қарастырылған», – деді ол.
 
Бұл қолдау спортшылардың кәсіби шеберлігін арттыруға және үлкен жарыстарға дайындалуына мүмкіндік береді.
 
Сонымен қатар Шымкентте ерекше жандар спортының инфрақұрылымын дамыту бағытында жаңа жобалар қолға алынуда. Қалада Паралимпиадалық және Сурдлимпиадалық спорт түрлеріне арналған арнайы спорт кешенін салу жоспарланып отыр.
 
«2025 жылы осы спорт кешенінің құрылысын бастау үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Бұл нысан іске қосылған кезде ерекше жандарға арналған спорт мүмкіндігі бұрынғыдан да кеңейеді», – деді мектеп директоры.
 
Бүгінде №19 спорт мектебі жүздеген спортшының үлкен арманға қадам басуына жол ашып отыр. Мұнда жаттығатын ерекше жандар спорт арқылы өз мүмкіндігінің шексіз екенін дәлелдеп келеді. Олар тек жарыс алаңында ғана емес, қоғам өмірінде де белсенді болуға талпынып, өзгелерге үлгі көрсетіп жүр.
 
Осылайша, Шымкентте мүмкіндігі шектеулі азаматтардың спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасалып, олардың әлеуетін дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстар жалғасып келеді. Ерекше жандардың жетістігі – олардың табандылығы мен мемлекет қолдауының нәтижесі екені сөзсіз.
 
 
 
Олжас Әбдіхалық