Курсы валют
Погода
+12
°
C
H: +16°
L: +9°
Алматы
Понедельник, 30 Май
Прогноз на неделю
| Вс | Вт | Ср | Чт | Пт | Сб |
| +13° | +20° | +23° | +21° | +22° | +23° |
| +11° | +12° | +13° | +13° | +11° | +13° |
Алматылықтар Алғыс айту күнін кең көлемде атап өтті
Алматыда Алғыс айту күні ерекше мазмұнда аталып өтті. Мереке аясында Алматы қаласы әкімдігінің бастамасымен педагогикалық еңбек ардагерлеріне арналған «Алғыс айтар ұрпақ бар» атты салтанатты концерт ұйымдастырылды. Жас ұрпақты тәрбиелеуге бар ғұмырын арнаған ұстаздарға құрмет көрсетуге бағытталған бұл рухани кеш ұрпақтар сабақтастығының, ұстаз еңбегіне деген шынайы ризашылықтың жарқын көрінісіне айналды.
06.03.2026
Алматылықтар Алғыс айту күнін кең көлемде атап өтті
Іс-шараға 300-ден астам ардагер-ұстаз қатысып, оларға ерекше құрмет көрсетілді. Салтанатты бөлімде білім басқармасының өкілдері қала басшылығы атынан педагогика ардагерлеріне алғыс білдіріп, олардың ел болашағын қалыптастырудағы өлшеусіз еңбегін атап өтті. Кеш барысында сырлы әндер шырқалып, күйлер орындалып, шығармашылық ұжымдар әсерлі би қойылымдарын ұсынды. Әрбір өнер нөмірі ұстаздарға деген құрметтің белгісіндей қабылданды. Кеш қонақтары ерекше жылы атмосфераны сезініп, мерекелік концерттен үлкен әсер алды.
Мұндай іс-шаралар ұстаз мамандығының қоғамдағы маңызын тағы бір мәрте айқындайды. Педагогика ардагерлерінің өмірлік тәжірибесі мен даналығы ел дамуының берік іргетасы екені де осы кеште кеңінен айтылды.
Алғыс айту күнінің тарихи мәні мен қоғамдағы рөлі туралы Алматыдағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері де пікір білдірді.
Алматыдағы «Қазақстандық орыс мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Всеволод Лукашев бұл мереке Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнімен байланысты екенін атап өтті. Оның айтуынша, Алғыс айту күні - Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңінде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға үлес қосқан халықтардың өзара құрметін білдіретін ерекше күн.
«Алғыс айту күні – бейбітшілік пен келісімнің өздігінен келмейтінін түсінуге мүмкіндік береді. Бұл – ата-анаға, ұстазға, дәрігерге, құтқарушылар мен тәртіп сақшыларына алғыс айтатын күн. Біз көбіне өмірдегі игіліктерді қалыпты жағдай ретінде қабылдаймыз, алайда олардың артында нақты адамдардың еңбегі тұр», – деді ол.
Всеволод Лукашев сондай-ақ қазақ халқына деген тарихи алғыстың маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, түрлі этностарды қиын кезеңдерде қабылдап, қолдау көрсеткен қазақ халқының кең пейілі бүгінде елдегі бірлік пен келісімнің негізіне айналды.
«Бұл – қоныс аудару кезеңінде түрлі халықтарды қабылдаған қазақ халқына айтылатын шынайы алғыс. Біз 35 жыл бойы бірге егемен Қазақстанды құрып келеміз. Бейбітшілік пен келісімнің арқасында еліміздің қалай дамып жатқанын көріп отырмыз», – деді ол.
Ал «Қазақстан ұйғырларының республикалық мәдени орталығы» ұйымының жетекшісі Долқынтай Әлиев Алғыс айту күні қоғамдық келісімді нығайтып, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратынын айтты.
Оның пікірінше, бұл мереке тек дәстүрлі шара ғана емес, аға буыннан жас ұрпаққа рухани құндылықтарды жеткізетін маңызды қоғамдық оқиға.
«Жастар тәрбиесінде отбасының рөлі ерекше. Ата-аналар мен үлкендер үлгі болып, ұлттық дәстүр мен мәдениетке құрмет көрсетуді үйретуі керек. Осындай іс-шаралар арқылы жастар ел өміріне белсенді араласып, қоғам алдындағы жауапкершілігін түсіне бастайды», – деді ол.
Долқынтай Әлиев сондай-ақ алғыс айту мәдениеті қоғамдағы сыйластық пен құрметті нығайтатынын атап өтті.
«Бұл күн ата-ананы, ұстаздарды, тәлімгерлерді қадірлеуге үйретеді. Бізге қолдау көрсетіп, білім берген адамдардың барлығы алғысқа лайық», – деді ол.
Алматы қаласы ҚХА және Қоғамдық кеңес мүшесі Рустам Қайрыев Алғыс айту күні жыл сайын 1 наурызда атап өтілетінін және биыл бұл мерекеге 10 жыл толып отырғанын айтты. Оның сөзінше, бұл күн бастапқыда қазақ халқына көрсетілген қонақжайлық пен қолдауға алғыс білдіру мақсатында бекітілген.
«2016 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында осы мерекені енгізу туралы ұсыныс айтылған кезде оның қоғам үшін маңызды екенін түсіндік. Бүгінде Алғыс айту күні адамдарды біріктіретін ерекше дәстүрге айналды», – деді ол.
Уақыт өте келе мерекенің мәні кеңейіп, күнделікті өмірдегі қарапайым қамқорлық пен көмекті бағалайтын күнге айналған.
«Тек ізгі адам ғана шынайы алғыс айта алады. Ата-анаға, ұстазға, дәрігерге, құтқарушыларға, тіпті бейтаныс адамға да алғыс айту мәдениеті қоғамдағы өзара сыйластықты арттырады», – деді Рустам Қайрыев.
Оның айтуынша, Алматыда бұл мерекеге байланысты түрлі әлеуметтік акциялар ұйымдастырылады. Соның бірі – жастардың бастамасымен өтетін «Алғыс қабырғасы» акциясы. Қала тұрғындары арнайы баннерге стикерлер жапсырып, жақындарына немесе қоғамға үлес қосқан жандарға алғыс сөздерін жазып қалдырады.
Ал Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Республикалық дүнген этномәдени орталығы» төрағасының орынбасары, педагогика ғылымдарының докторы Римма Масырова Алғыс айту күнінің философиялық мәніне тоқталды.
Оның айтуынша, бұл мереке ХХ ғасырдағы тарихи кезеңдермен тығыз байланысты. Сол уақытта Қазақстанға түрлі этностар жер аударылып, қазақ халқы оларды бауырына басқан. Бұл өзара сенім мен құрметке негізделген ерекше қоғамдық модельдің қалыптасуына жол ашты.
«Алғыс айту күні – бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтап қалған аға буынға және қазақ жеріне деген шынайы алғыс білдіретін күн. Ол жастарға бірлік пен келісімнің маңызын еске салады.
Біз әртүрліміз, бірақ теңбіз. Әртүрлі мәдениет өкілдері бір-біріне “рахмет” немесе “спасибо” дегенде сенім артып, достық нығая түседі. Нағыз біртұтас қоғам осылай қалыптасады», – деді Римма Масырова.
Алматыда Алғыс айту күнін атап өтудің өзіндік дәстүрлері қалыптасқан. Бұл – ұрпақтар кездесуі, қайырымдылық акциялары, мәдени шаралар мен қоғамдық диалогтар. Биыл мерекелік бағдарламалар аясында жастардың белсенді қатысуына ерекше көңіл бөлінді. Алғыс айту күні тек бір күндік мереке емес, адамдарды жақсылық жасауға үндейтін маңызды қоғамдық құндылыққа айналды.
Кальбинур ХОШНАЗАРОВА
← Назад

