Погода

+12
°
C
H: +16°
L: +
Алматы
Понедельник, 30 Май
Прогноз на неделю
Вс Вт Ср Чт Пт Сб
+13° +20° +23° +21° +22° +23°
+11° +12° +13° +13° +11° +13°

Ауыл медицинасы қалай жаңарып жатыр?

Алматы облысында ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар қарқын алып келеді. Биылдың өзінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 38 медициналық нысанның құрылысы аяқталды. Оның ішінде бұрын медициналық мекемесі болмаған елді мекендерде де жаңа амбулаториялар мен медициналық пункттер ашылды. Сонымен қатар өңірдегі 9 жылжымалы медициналық кешен шалғай ауылдарды аралап, жарты жылдың ішінде 64 мыңнан астам адамға медициналық көмек көрсеткен.
07.08.2026
Ауыл медицинасы қалай жаңарып жатыр?
Ауыл медицинасын дамыту, жас дәрігерлерді өңірге тарту және халық арасында аурулардың алдын алу шаралары туралы Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Рахымбекқызы айтып берді.
– Ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін өңірде қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында                    38 денсаулық сақтау нысанының құрылысы аяқталды.  Сонымен қатар Нарынқол ауылында бір ауысымда 250 келушіні қабылдайтын жаңа емхананың құрылысы жүргізілуде. Медициналық инфрақұрылымды жаңғырту аясында Қарасай көпсалалы орталық аудандық ауруханасы мен Ұйғыр аудандық орталық ауруханасында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Екі нысан бойынша да жөндеу жұмыстарын                         2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Облыстың шалғай ауылдық елді мекендерінің тұрғындарына қолжетімді медициналық көмек көрсету мақсатында 9 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді. 2026 жылдың басынан бері олардың қызметімен 113 елді мекен қамтылып, 64 815 адамға, оның ішінде 8 273 балаға медициналық көмек көрсетілді. Осы кезеңде 21 821 диагностикалық және 7 535 зертханалық зерттеу жүргізіліп, бейінді мамандардың 52 127 консультациясы көрсетілді. Тексеру нәтижесінде 2 150 пациенттен түрлі аурулар анықталды, оның ішінде қан айналымы жүйесі аурулары – 219, қант диабеті – 55, глаукома – 34, балалар арасындағы аурулар – 66 және басқа да аурулар – 1 776 жағдайды құрады. Сүт безі обыры тіркелген жоқ. Нәтижесінде 442 адам, оның ішінде 5 бала диспансерлік бақылауға алынды.
Медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында облыста 4 инсульт орталығы және 4 коронарлық араласу орталығы жұмыс істейді. 2026 жылдың алғашқы бес айында 1232 коронарография және 649 стенттеу операциясы орындалды.
– Ауылдық жерлерге жас дәрігерлерді тарту және маман тапшылығын азайту үшін қандай шаралар қабылданып жатыр?
– Біздің негізгі міндетіміз – тек жаңа мамандарды даярлау ғана емес, олардың ауылдық жерлерде тұрақтап жұмыс істеуіне жағдай жасау.
Кадрлық әлеуеттің тұрақтылығын қамтамасыз ету және қолданыстағы кадр тапшылығын кезең-кезеңімен толықтыру мақсатында жергілікті мамандарды даярлауға ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі уақытта резидентурада 172 маман білім алуда, олардың 85%-ы оқуын ағымдағы жылы аяқтайды. Жақын арада олар облыстың медициналық ұйымдарына жұмысқа жіберіледі.
Басты мақсат – медициналық ұйымдарды жас мамандармен қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың өңірде ұзақ мерзім еңбек етуіне қолайлы жағдай жасау.
Осы мақсатта жыл сайын облыстық бюджет қаражаты есебінен сұранысқа ие медициналық мамандықтар бойынша білім беру гранттары бөлініп, әлеуметтік қолдау шаралары көрсетіледі. Биыл 40 жас маманға 8,5 млн теңге көлемінде әлеуметтік қолдау төлемі берілді.
– Халық арасында аурулардың алдын алу және медициналық сауаттылықты арттыру бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Денсаулық сақтау саласында ауруды емдегеннен гөрі оның алдын алу әлдеқайда маңызды.
Сондықтан облыста тұрғындарды скринингтік тексерумен қамтуға ерекше көңіл бөлінеді. Биыл 498 704 адам скринингтен өтті. Бұл жоспарланған халықтың 63,4 пайызын құрайды.
Тексеру барысында 17 932 адамнан әртүрлі ауру анықталды. Оның ішінде жүрек-қан тамырлары аурулары, цереброваскулярлық бұзылыстар, сүт безі және жатыр мойны обыры, қант диабеті, глаукома, колоректальды обыр, гепатит және басқа да аурулар бар. Нәтижесінде 10 667 адам диспансерлік бақылауға алынды.
Биылдан бастап облыста инсульттің алдын алу мақсатында 50–76 жас аралығындағы ер азаматтарға арналған жаңа скрининг енгізілді. Қазір бұл тексерумен қамту деңгейі 60,3 пайызды құрап отыр. Ал ультрадыбыстық зерттеумен қамту көрсеткіші 94 пайызға жетті. Анықталған пациенттердің 91 пайызы тұрақты медициналық бақылауға алынды.
Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде облыста қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 23 пайызға, ал инсульттен болатын өлім-жітім 17 пайызға төмендеді. Сонымен қатар онкологиялық ауруларды ерте анықтау көрсеткіштері де айтарлықтай жақсарды.
Бұдан бөлек, халық арасында созылмалы аурулардың алдын алу, вакцинацияның маңызын түсіндіру, салауатты өмір салтын қалыптастыру, ана мен бала денсаулығын қорғау мәселелері бойынша бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы тұрақты түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді.

Олжас Әбдіхалық