Погода

+12
°
C
H: +16°
L: +
Алматы
Понедельник, 30 Май
Прогноз на неделю
Вс Вт Ср Чт Пт Сб
+13° +20° +23° +21° +22° +23°
+11° +12° +13° +13° +11° +13°

Ауыл мен қала мектебі арасындағы алшақтық қалай азайып келеді?

Ақмола облысында білім сапасын арттыру бағытында соңғы жылдары бірқатар жаңа жобалар қолға алынды. Бүгінде ауыл мектептері қалалық білім ошақтарымен тәжірибе алмасып, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды меңгере бастады. Astana Hub жобасы аясында жүздеген оқушы жасанды интеллект негіздерін оқып жатыр, ал ауылдық мектептерге әдістемелік қолдау көрсететін арнайы бағдарламалар іске асуда. Сонымен қатар кітап оқу мәдениетін дамыту мен мектепке дейінгі білім сапасын теңестіруге де ерекше көңіл бөлініп келеді. Өңірдегі білім беру жүйесіндегі өзгерістер туралы Ақмола облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Жанаргүл Дәулетқызы айтып берді.
07.08.2026
Ауыл мен қала мектебі арасындағы алшақтық қалай азайып келеді?
– Облыс мектептерінде білім сапасын арттыру және оқушылардың білімге қызығушылығын көтеру үшін қандай жобалар жүзеге асырылып жатыр?
 
– Соңғы оқу жылында бұл бағытта бірнеше маңызды жоба іске асырылды. Олардың барлығының мақсаты – білім сапасын көтеру, мұғалімдердің кәсіби деңгейін арттыру және оқушылардың заманауи дағдыларын дамыту.
 
Соның бірі – «Функционалдық шыңды бағындыру» жобасы. Бұл жоба педагогтердің функционалдық сауаттылықты қалыптастыру бағытындағы кәсіби құзыреттерін дамытуға арналған. Оның аясында облыстық онкүндіктер, семинарлар ұйымдастырылып, оқу-әдістемелік материалдар әзірленуде. Бүгінде жобаға 3200-ден астам педагог қатысып отыр.
 
Тағы бір маңызды бастама – «KӨMEKTIMES» («Мектеп – мектепке») жобасы. Мұнда мамандандырылған мектептер мен ауыл мектептері өзара тәжірибе бөліседі. Жоба арқылы мұғалімдер жаңа әдістерді меңгеріп, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды сабаққа енгізуде. Сонымен бірге оқушыларды олимпиадалар мен ҰБТ-ға дайындау жұмыстары күшейтілді.
 
Бұдан бөлек, 12 қалалық және 28 ауыл мектебі арасында шефтік байланыс орнатылған. Бұл жоба аясында тәжірибелі педагогтер ауыл мектептеріндегі әріптестеріне әдістемелік көмек көрсетіп, заманауи оқыту тәсілдерімен бөліседі.
 
Оқу-ағарту министрлігінің «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасы да өз нәтижесін беріп келеді. Жоба 18 тірек және 54 магниттік мектепті қамтиды. Оның аясында педагогтердің біліктілігі артып, оқушылар онлайн оқыту мүмкіндіктерін пайдаланып, тәлімгерлік қолдау алады. Сонымен бірге білім беру процесі кезең-кезеңімен цифрландырылуда.
 
Цифрлық бағыттағы тағы бір маңызды жоба – Astana Hub-тың «Жасанды интеллект және цифрлық технологиялар» бағдарламасы. Бұл жоба облыстың тоғыз IT-мектебі мен лицейінде жүзеге асырылып жатыр. Қазір «Жасанды интеллект» және «Game Development» бағыттары бойынша тоғыз информатика мұғалімі арнайы даярланды. Astana Hub платформасында 825 оқушы оқудан өтті. Ал жаңа оқу жылында 599 жоғары сынып оқушысы жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды меңгеруді жалғастырып жатыр.
 
Жалпы, бұл жобалардың барлығы мұғалімдердің кәсіби шеберлігін арттыруға, оқушылардың функционалдық сауаттылығы мен цифрлық дағдыларын дамытуға және қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының айырмашылығын азайтуға бағытталған.
 
– Мектептерде кітап оқу мәдениетін қалыптастыру үшін қандай жұмыстар жүргізілуде?
 
– Кітап оқуға деген қызығушылықты қалыптастыру бір ғана кітапхананың емес, мұғалімдердің, кітапханашылардың және ата-аналардың бірлескен жұмысына байланысты.
 
Сондықтан мектептерде кітап көрмелері, әдеби кештер, оқырмандар конференциялары, мәнерлеп оқу байқаулары және кітап оқуды насихаттайтын түрлі акциялар тұрақты өткізіліп келеді.
 
Сонымен қатар «Оқуға құштар мектеп», «Бүкіл отбасымызбен оқимыз», «Кітапханаға кітап сыйла» жобалары жүзеге асырылуда. Бұл бастамалар балалардың оқу сауаттылығын дамытуға және кітапқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.
 
Оқушылар үшін ақын-жазушылармен кездесулер, әдеби викториналар, жаңа кітаптарға шолу жасау және оқылған шығармаларды бірге талқылау секілді іс-шаралар ұйымдастырылады.
 
Біз ата-аналардың да осы жұмысқа белсенді қатысқанын қалаймыз. Сондықтан отбасылық кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлініп келеді.
 
Сонымен бірге мектеп кітапханалары жыл сайын көркем әдебиетпен, балаларға арналған және танымдық кітаптармен толықтырылып отырады. Оқушылардың электронды білім беру ресурстарына қолжетімділігі де кеңейіп келеді.
 
Мұның бәрі балалардың дүниетанымын кеңейтіп, кітап оқуға деген тұрақты қызығушылығын қалыптастыруға ықпал етеді.
 
– Қаладағы және ауылдағы балабақшалар арасындағы айырмашылықты азайту бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде?
 
– Қазіргі таңда облыста 595 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 283 балабақша мен 312 шағын орталық бар. Жалпы бұл ұйымдарда 36 мыңнан астам бала тәрбиеленіп жатыр.
 
Қалалық жерлерде 158 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істесе, ауылдық жерде олардың саны 437-ге жетеді.
 
Біздің мақсатымыз – қала мен ауылдағы балалардың мектепке дейінгі білім алуда тең мүмкіндікке ие болуы.
 
Соңғы жылдары жаңа балабақшалар ашылып, қосымша орындар құрылды. Сонымен қатар материалдық-техникалық база нығайтылып, педагогтердің біліктілігі жүйелі түрде арттырылып келеді. Білім беру процесіне цифрлық шешімдер енгізіліп, барлық балалардың сапалы білім беру бағдарламаларына қолжетімділігі қамтамасыз етілуде.
 
Осының нәтижесінде қаладағы да, ауылдағы да мектепке дейінгі білімнің сапасы мен қолжетімділігі жыл сайын артып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
 
 
 
Олжас Әбдіхалық