Погода

+12
°
C
H: +16°
L: +
Алматы
Понедельник, 30 Май
Прогноз на неделю
Вс Вт Ср Чт Пт Сб
+13° +20° +23° +21° +22° +23°
+11° +12° +13° +13° +11° +13°

Мұхит Әбутәліпұлы: Цифрландыру – тұрғындардың өмір сапасын арттырудың басты құралы

Шымкент соңғы үш жылда цифрландыру қарқыны бойынша еліміздегі ең белсенді қалалардың біріне айналып келеді. Қазір қалада 391 базалық станция 5G желісінде жұмыс істейді, байланыс сапасы төмен аумақтар 147-ден 8 нүктеге дейін қысқарды, ал интеллектуалды көлік жүйесінің арқасында көлік кептелісі 28 пайызға азайып, жолдардың өткізу қабілеті 26 пайызға артқан. Денсаулық сақтау саласында жасанды интеллект инсультті ерте анықтап, дәрігерлерге диагноз қоюға көмектесіп жатыр. Ал мектептерде қауіпсіздікті бақылайтын 15 мыңнан астам камера жұмыс істейді.
07.08.2026
Мұхит Әбутәліпұлы: Цифрландыру – тұрғындардың өмір сапасын арттырудың басты құралы
Қаланың цифрлық трансформациясы, Smart City жобалары және жасанды интеллектіні енгізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы Шымкент қаласының цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов айтып берді.
 
– Мұхит Әбутәліпұлы, бүгінде Шымкентте цифрландыру бағытында қандай негізгі жұмыстар атқарылып жатыр?
 
– Қазіргі таңда қалада цифрлық инфрақұрылымды дамыту, мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыру және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Соның ішінде байланыс сапасын жақсарту, кең жолақты интернетпен қамту, көлік жүйесін цифрландыру, қоғамдық қауіпсіздікті күшейту, білім мен денсаулық сақтау салаларына жасанды интеллект технологияларын енгізу және инновациялық экожүйені дамыту басты назарда.
 
Мәселен, бүгінде Шымкентте мобильді байланыс операторларының 1791 базалық станциясы жұмыс істейді. 2023 жылы жүргізілген талдау нәтижесінде байланыс сапасы төмен 147 нүкте анықталып, арнайы Жол картасы әзірленді. Соңғы үш жылда 346 жаңа базалық станция іске қосылып, тағы 398 станция жаңғыртылды. Сонымен бірге 391 базалық станция 5G желісіне қосылды. Соның нәтижесінде бұрын байланыс сапасы төмен болған аумақтар саны 147-ден 8 нүктеге дейін қысқарды. Биыл мобильді операторлармен бірлесіп тағы 20 жаңа базалық станция орнату жоспарланып отыр.
 
Қалада 86 тұрғын алабы мен шағын аудан бар болса, оның 82-сі бүгінде кең жолақты интернетпен қамтылған. Жыл соңына дейін барлық тұрғын алаптарға интернет желісі жеткізіліп, тұрғындардың толықтай кең жолақты интернетке қосылуына мүмкіндік жасалады.
 
– Қаланы басқаруда цифрлық технологиялар қалай қолданылып жатыр?
 
– Қазіргі таңда басқарушылық шешімдерді нақты деректер негізінде қабылдау маңызды. Осы мақсатта қала әкімдігі мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бірлесіп «Smart Data Ukimet» ақпараттық жүйесі негізінде Шымкенттің ситуациялық орталығын құрды. Бұл жүйе мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен мәліметтерді жинап, талдап, басқару шешімдерін қабылдауға көмектеседі. Қазір жүйеде 124 ақпараттық жүйемен интеграция іске асқан. Сонымен қатар басқармалардан түскен 100 ұсыныс бойынша техникалық жұмыстар жүргізілуде.
 
Көлік саласында да цифрландырудың нәтижесі байқалады. Қаладағы 403 бағдаршамның 354-іне интеллектуалды көлік жүйесі орнатылып, қамту деңгейі 88 пайызға жетті. Соның нәтижесінде көліктің орташа жылдамдығы 20 пайызға өсіп, жолдардың өткізу қабілеті 26 пайызға артты, ал кептеліс көлемі 28 пайызға азайды.
 
Қоғамдық көлік саласында 82 тұрақты маршрут бойынша күн сайын 988 автобус қатынайды. Барлық автобустар Avtobys жүйесі арқылы бақыланып, электронды билеттендіру жүйесі толық енгізілген. Сонымен бірге қаладағы аялдамаларға 140 электронды медиатақта орнатылып, жолаушыларға автобустардың келу уақытын нақты көрсетіп тұр.
 
– Қоғамдық қауіпсіздік пен әлеуметтік салаларда қандай цифрлық жобалар іске асырылып жатыр?
 
– Бүгінде қоғамдық қауіпсіздік бағытында да бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Қалада жалпы саны 42 мың бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Оның 3956-сы аналитикалық жүйемен қамтылған. Жол қозғалысын бақылауға арналған 600 стационарлық кешен, патрульдік көліктердегі 10 мобильді кешен және жедел жәрдем көліктеріне орнатылған 2 мобильді кешен қызмет көрсетуде. Сонымен бірге пробациялық бақылауға арналған 200 электронды білезік қолданысқа енгізілді. Қала бойынша жоспарланған 35 SOS батырмасының барлығы орнатылды.
 
Полиция департаменті қоғамдық тәртіпті бақылау үшін 10 дронды пайдаланып келеді. Ал әкімдік пилоттық режимде іске қосқан тағы 5 дрон арқылы 350-ден астам әуе мониторингі жүргізілді. Бұл технологиялар өрт ошақтарын ерте анықтауға, төтенше жағдайлардың таралу аумағын бақылауға және жедел әрекет етуге мүмкіндік беріп отыр.
 
Білім саласында 245 білім беру ұйымы турникеттермен, бейнебақылау камераларымен, дабыл батырмаларымен және қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталған. «AIQYN» жобасы аясында 147 мектепте жасанды интеллект элементтері енгізілуде. Бүгінде 15 мыңнан астам бейнекамера полицияның Жедел басқару орталығына қосылған. Сонымен бірге 98 мектепте оқушылардың тамақтануын есепке алатын 392 аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылды.
 
– Денсаулық сақтау мен коммуналдық шаруашылықта жасанды интеллект қалай қолданылып жатыр?
 
– Денсаулық сақтау саласында бірнеше пилоттық жоба іске асырылуда. Мәселен, PULS AI интеллектуалды ассистенті дәрігерлерге диагноз қою мен емдеу тәсілін таңдауға көмектеседі. Былтыр бұл жүйе 13 мемлекеттік емханада сынақтан өтті, ал биыл тағы 7 емханамен келісім жасалып отыр.
 
Ал Cerebra AI жүйесі компьютерлік томография нәтижелері арқылы инсультті ерте анықтайды. Бұл жоба №2 қалалық емханада енгізіліп, бүгінге дейін 2839 зерттеуге талдау жасады. Сонымен қатар қаладағы 21 медициналық ұйым PACS медициналық бейнелерді сақтау және өңдеу жүйесіне қосылған. Дәрігерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 10 смарт-бейнежетон пилоттық режимде жұмыс істеп жатыр.
 
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында Art Code жобасы енгізілуде. Бұл жүйе жасанды интеллект арқылы жылу құбырларының ішкі жағдайын қазбай-ақ тексеруге мүмкіндік береді. Қазір жоба қаладағы жеті мекенжайда пилоттық режимде іске асырылып жатыр.
 
– Шымкенттің инновациялық экожүйесін дамыту бағытында қандай жобалар қолға алынуда?
 
– Былтыр тамыз айында ашылған Shymkent IT HUB бүгінде өңірдің инновациялық орталығына айналып келеді. Осы уақытқа дейін мұнда 250-ге жуық іс-шара өткізіліп, 5500-ден астам адам қатысты. 300 студент өндірістік тәжірибеден өтті. Сонымен бірге стартаптарды қолдау үшін Future Makers қауымдастығы, әйелдердің цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында Tech Dames жобасы құрылды. Ал RoboPark.kz орталығында 185 оқушы робототехника мен Python бағдарламалау негіздерін тегін оқып жатыр.
 
Биыл Tashenev University базасында Tomorrow School цифрлық мектебі ашылды. Мұнда 18 айлық бағдарлама бойынша жасанды интеллект, бағдарламалау және заманауи цифрлық технологиялар бағытында мамандар даярланады.
 
Сонымен қатар университетте Tashenev AI Laboratory зертханасы іске қосылды. Бұл зертханада студенттер мен жас мамандар робототехника, ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару және оларды түрлі салаларда пайдалану, виртуалды және кеңейтілген шынайылық технологиялары, голографиялық жүйелер, жасанды интеллект агенттері, үлкен деректерді талдау, сондай-ақ 3D модельдеу мен цифрлық өндіріс технологиялары бойынша тәжірибе жасап, өз жобаларын әзірлеуге мүмкіндік алады. Басты мақсат – өңірде жасанды интеллект пен жоғары технологиялар бағытындағы жаңа жобалардың пайда болуына жағдай жасау және білікті ІТ мамандарын даярлау.
 
Олжас Әбдіхалық