Погода

+12
°
C
H: +16°
L: +
Алматы
Понедельник, 30 Май
Прогноз на неделю
Вс Вт Ср Чт Пт Сб
+13° +20° +23° +21° +22° +23°
+11° +12° +13° +13° +11° +13°

Шыңғыс Амангелдіұлы: Жастарды есірткіден қорғау – тек полицияның емес, бүкіл қоғамның міндеті

Елімізде биылдың алғашқы алты айының өзінде жастар мен жасөспірімдер арасында есірткінің алдын алу бағытында 13 мыңнан астам профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды. Оның ішінде 7206 дәріс, 1613 акция, 1508 кездесу, 313 дөңгелек үстел, 459 байқау және 909 спорттық-мәдени іс-шара өткізілген. Сонымен қатар жазғы демалыс кезінде жұмыс істеген лагерьлерде тағы 242 арнайы профилактикалық шара ұйымдастырылып, оған өңірлік кеңестердің 102 өкілі тартылды.
07.08.2026
Шыңғыс Амангелдіұлы: Жастарды есірткіден қорғау – тек полицияның емес, бүкіл қоғамның міндеті
Бүгінде Ішкі істер министрлігі жастарды есірткіден қорғауда тек құқық қорғау шараларына ғана емес, әлеуметтік желілер, білім беру ұйымдары, ата-аналар және дәрігерлермен бірлескен профилактикалық жұмыстарға басымдық беріп отыр.
 
Есірткіге қарсы күрестегі жаңа тәсілдер туралы Ішкі істер министрлігі Ақпараттық саясат департаментінің бастығы Шыңғыс Амангелдіұлы айтып берді.
 
– Бүгінде жастар арасында есірткінің алдын алу жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?
 
– Біз бұл бағытта кешенді тәсілді қолданамыз. Ең алдымен жастар жиі пайдаланатын Instagram мен TikTok әлеуметтік желілерінде есірткінің зияны туралы ақпараттық роликтер мен арнайы хэштегтер жарияланып келеді.
 
Сонымен қатар оқу орындарының маңындағы патрульдеу күшейтілді. Кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі инспекторлардың жұмысы жандандырылып, есірткі сатылатын орындарды анықтау бойынша рейдтер тұрақты жүргізіледі. Интернет кеңістігіне де тұрақты мониторинг жасалады.
 
Бұған қоса Денсаулық сақтау және Оқу-ағарту министрліктерімен бірге тәуелділікті ерте анықтау бағытында бірлескен жұмыстар жүргізіліп жатыр.
 
– Жазғы демалыс кезінде балаларды есірткіден қорғау үшін қандай жұмыстар қолға алынды?
 
– Жаз мезгілінде бұл бағыттағы жұмыстар ерекше күшейтіледі. Себебі дәл осы кезеңде балалардың бос уақыты көбейеді.
 
Осыған байланысты республикадағы жазғы сауықтыру лагерьлерінде 242 есірткіге қарсы іс-шара өткізілді. Оның ішінде 82 акция, 55 дәріс және 105 түрлі профилактикалық кездесу ұйымдастырылды.
 
Бұл жұмыстарға өңірлік кеңестердің 102 өкілі қатысып, балалармен және жасөспірімдермен тікелей жұмыс жүргізді.
 
– Мектептерде қандай алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр?
 
– Білім беру ұйымдарында профилактикалық жұмыстар жыл бойы жалғасады.
 
Мәселен, «Есірткісіз таңдау» тақырыбында интерактивті дәрістер, оқушылармен кездесулер ұйымдастырылды. Сонымен бірге педагогтар мен сынып жетекшілеріне арналған арнайы әдістемелік материалдар дайындалып, таратылды.
 
Ата-аналардың қатысуымен сынып сағаттары, флешмобтар, дөңгелек үстелдер өткізіліп келеді. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – балаларды қауіпті ортадан қорғап, олардың заңға бағынатын әрі салауатты өмір салтын ұстанатын азамат болып қалыптасуына ықпал ету.
 
– Есірткіге қарсы республикалық айлық аясында қандай жұмыстар атқарылады?
 
– Жыл сайын 26 мамыр мен 26 маусым аралығында Халықаралық нашақорлықпен күрес күніне орай республикалық есірткіге қарсы айлық өткізіледі.
 
Осы кезеңде мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар, волонтерлер, бұқаралық ақпарат құралдары және жастар ұйымдары бірлесіп көптеген ақпараттық-түсіндіру, спорттық және мәдени шаралар ұйымдастырады.
 
Мұндай жұмыстардың мақсаты – жастардың назарын салауатты өмір салтына аударып, есірткінің зияны туралы түсінігін арттыру.
 
– Халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған қандай бастамалар бар?
 
– Біз есірткіні ерте анықтау мәселесіне де назар аударып отырмыз.
 
Осы бағытта отандық ECO Pharm және KazMedTest компанияларымен келіссөздер жүргізіліп, халықтың әлеуметтік осал топтарына экспресс-тесттерді тегін немесе жеңілдікпен ұсыну мәселесі қарастырылды.
 
Сонымен қатар «Әр үйге тест» ақпараттық бағдарламасы елімізде сынақтан сәтті өтті. Бағдарлама барысында кең көлемді әлеуметтік эксперименттер жүргізіліп, республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен арнайы ақпараттық науқан ұйымдастырылды.
 
– Бүгінде бейнероликтер мен әлеуметтік желілер профилактикада қаншалықты маңызды?
 
– Қазіргі жастар ақпаратты көбіне әлеуметтік желілер арқылы қабылдайды. Сондықтан біз бейнеконтентке ерекше көңіл бөліп отырмыз.
 
ІІМ есірткіге тәуелді болып қалған немесе осының салдарынан қылмыс жасаған адамдардың өмірінен алынған қысқаметражды фильмдер мен бейнероликтер әзірлейді. Бұл материалдар министрліктің ресми сайтында, Instagram парақшасында, YouTube арнасында және телеарналарда көрсетіледі.
 
Ата-аналарға арналған «Бір-бірімізге жақынырақ – есірткіден алысырақ» атты әлеуметтік ролик те дайындалды. Оның басты мақсаты – ата-аналардың баламен қарым-қатынасты күшейтіп, қауіпті белгілерді ертерек байқауына көмектесу.
 
Бұл бейнеролик әлеуметтік желілерде, тұрғын үйлердің экрандарында, ата-аналар чаттарында кеңінен таратылды. Сондай-ақ 2026 жылдың 2 қаңтарынан бастап еліміздің 108 кинозалында көрсетіліп, оны 100 мыңнан астам адам тамашалады.
 
– Балаларға арналған арнайы жобалар да бар ма?
 
– Иә. Балалар мен жасөспірімдерге арналған есірткіге қарсы екі арнайы мультфильм әзірленді. Бұл анимациялық роликтердің негізгі мақсаты – балаларды есірткі ортасына тартудың алдын алу, қауіпті ұсыныстарды тануға үйрету және заңсыз әрекеттердің салдарын түсіндіру.  
 
Биылғы жылдың алғашқы жартысында ғана оқу орындары мен халық көп жиналатын орындарда 13 мыңнан астам профилактикалық іс-шара өткізілді.
 
 
 
 
 
Олжас Әбдіхалық