Курсы валют
Погода
+12
°
C
H: +16°
L: +9°
Алматы
Понедельник, 30 Май
Прогноз на неделю
| Вс | Вт | Ср | Чт | Пт | Сб |
| +13° | +20° | +23° | +21° | +22° | +23° |
| +11° | +12° | +13° | +13° | +11° | +13° |
Набира Оралбекқызы: Ұстаздың еңбегі – елдің болашағы
Елімізде соңғы бес жылда педагогтердің жалақысы 100 пайызға, яғни екі есеге өсті. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді. Бүгінде 500 мыңнан астам мұғалімге біліктілік санаты, еңбек өтілі және академиялық дәрежесі үшін тұрақты үстемеақы төленеді. Сонымен қатар 97 педагог «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын иеленсе, 800-ден астам мұғалім «Үздік педагог» атанды. 2023–2026 жылдары «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы аясында 983 педагог кадрлық резервке енгізілді.
14.08.2026
Набира Оралбекқызы: Ұстаздың еңбегі – елдің болашағы
Ал жаңа оқу жылынан бастап мектептерде «Конституция негіздері», «Заң мен тәртіп» және «Жеке қауіпсіздік» сияқты жаңа міндетті пәндер мен курстар енгізіледі. Сонымен бірге бастауыш сыныптардағы математика мен тілдік пәндердің мазмұны қайта қаралып, оқу жүктемесін оңтайландыруға басымдық берілмек.
Педагогтердің құқықтарын қорғау, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, білім беру мазмұнын жаңарту және оқушылардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы Оқу-ағарту министрлігінің бас сарапшысы Набира Марбанова айтып берді.
– Соңғы жылдары педагог мәртебесін көтеруге ерекше мән беріліп келеді. Қазір мұғалімдердің құқықтарын қорғау бойынша қандай нақты кепілдіктер бар?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен соңғы жылдары педагог мәртебесін арттыру және олардың құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету бағытында ауқымды реформалар жүзеге асырылды.
Бүгінде педагогтердің кәсіби міндетіне қатысы жоқ жұмыстарға тартылмауына заңнамалық деңгейде кепілдік берілген. «Педагог мәртебесі туралы» заң және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 409-бабы мұғалімдерді кәсіби міндетіне тән емес жүктемелерден қорғаудың нақты тетіктерін қарастырады.
Мысалы, педагогті өзінің кәсіптік міндеттеріне қатысы жоқ жұмыс түрлеріне тартуға болмайды. Мұғалімнен заңнамада көзделмеген есептілікті немесе ақпаратты талап етуге, заңда қарастырылмаған тексерулер жүргізуге жол берілмейді.
Сондай-ақ педагогтерді тауарлар мен қызметтерді сатып алуға міндеттеуге болмайды. Мемлекеттік емес ұйымдардың іс-шараларын өткізуге мұғалімдерді тартуға да заң жол бермейді.
Яғни мұғалімнің негізгі міндеті – балаға сапалы білім мен тәрбие беру. Оның кәсіби қызметіне қатысы жоқ жұмыстармен шамадан тыс жүктелмеуі тиіс.
– Мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында қандай өзгерістер болды?
– Педагогтерді құқықтық қорғаумен қатар олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту және кәсіби еңбегін ынталандыру шаралары да кезең-кезеңімен күшейтіліп келеді.
Соңғы бес жылда педагогтердің жалақысы екі есеге, яғни 100 пайызға өсті. Қазіргі уақытта 500 мыңнан астам ұстазға түрлі біліктілік санаттары, еңбек өтілі және академиялық дәрежесі үшін тұрақты үстемеақылар төленеді.
Бұл – педагог еңбегін бағалауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Сонымен қатар үздік мұғалімдерді марапаттау жүйесі де қалыптасқан. Бүгінде 97 педагог «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағымен марапатталды. Ал 800-ден астам педагог «Үздік педагог» конкурсының жеңімпазы атанды.
2023–2026 жылдар аралығында «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы арқылы 983 педагог кадрлық резервке енгізілді.
Ал Қазақстанның білім беру жүйесіндегі ең жоғары марапаттардың бірі – «Еңбек Ері» атағын бес педагог алды.
– «Үздік педагог» атанған мұғалімдерге қандай материалдық қолдау көрсетіледі?
– «Үздік педагог» атағын иеленген мұғалімдерге Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен сыйақы төленеді. Оның мөлшері 1000 еселенген айлық есептік көрсеткіш көлемінде белгіленген.
Бұдан бөлек, 2023 жылдан бастап халықаралық олимпиадалардың, конкурстардың және спорттық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін дайындаған педагогтерге де біржолғы сыйақы беріледі. Оның мөлшері – үш лауазымдық жалақы.
Бұл шаралар ұстаздардың еңбегін ынталандырып қана қоймай, оқушылардың жоғары нәтижелеріне үлес қосқан педагогтерді қолдауға бағытталған.
– Педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру бойынша қандай жұмыс жүргізілуде?
– Білім беру сапасы мұғалімнің кәсіби деңгейіне тікелей байланысты. Сондықтан педагогтердің кәсіби әлеуетін дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр.
Біліктілікті арттыру жүйесі жетілдірілуде. Осы бағытта 91 мыңнан астам педагог арнайы біліктілікті арттыру курстарынан өтті.
Яғни мұғалімнің мәртебесін көтеру тек жалақыны арттыру немесе құқықтарын қорғаумен шектелмейді. Педагогтің заманауи білім беру талаптарына сай кәсіби дамуына да мүмкіндік жасалуы қажет.
– Жаңа оқу жылынан бастап мектеп бағдарламасында қандай өзгерістер болады?
– Жаңа оқу жылынан бастап мектептерде бірқатар жаңа міндетті пәндер мен курстар енгізіледі. Олардың қатарында «Конституция негіздері», «Заң мен тәртіп» және «Жеке қауіпсіздік» бар.
5–7-сынып оқушылары «Конституция негіздері» пәнін оқиды. Бұл сабақтарда балалар Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысы, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, мемлекеттік басқару қағидаттары және құқықтық мәдениет негіздері туралы жүйелі білім алады.
Ал 8–11-сыныптарда «Заң мен тәртіп» міндетті курсы енгізіледі. Оның негізгі мақсаты – оқушылардың құқықтық санасын нығайту, құқық бұзушылықтың алдын алу, заң талаптарын құрметтеу мәдениетін қалыптастыру және азаматтық жауапкершілікті арттыру.
Тағы бір маңызды жаңалық – 5–11-сыныптардың барлығына «Жеке қауіпсіздік» міндетті курсының енгізілуі.
– «Жеке қауіпсіздік» пәнінде балаларға нақты қандай дағдылар беріледі?
– Бұл курс тек қауіпсіздік туралы теориялық ақпарат берумен шектелмейді. Оның мақсаты – оқушыларда өмірлік қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру.
Бағдарламада ақпараттық қауіпсіздік, кибергигиена, төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет ету және түрлі қауіптердің алдын алу бойынша практикалық дағдыларды дамытуға басымдық беріледі.
Қазіргі балалар цифрлық ортада өсіп келеді. Сондықтан олардың интернеттегі қауіпсіздігі, жеке деректерді қорғауы және түрлі қатерлерді ерте тануы маңызды.
– Жалпы білім беру мазмұнының өзі өзгере ме?
– Иә. Жаңартылған білім мазмұны ең алдымен баланың жан-жақты дамуына, іргелі білімді нығайтуға, азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға және заманауи құзыреттерді дамытуға бағытталады.
Сонымен бірге тәрбиелік компоненттің мазмұны да айтарлықтай күшейтіледі.
Білім беру жүйесіне «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасының құндылықтары, «Заң мен тәртіп» қағидаты, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы және жаңа Конституцияның негізгі идеялары мен құндылықтары толық енгізіледі.
Осы арқылы мектептің рөлі де кеңейеді. Мектеп тек білім беретін орын емес, заңды құрметтейтін, еңбекті бағалайтын, мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілігін түсінетін азамат қалыптастыратын ортаға айналуы тиіс.
– Оқу жүктемесіне қатысты қандай өзгерістер қарастырылған?
– Мұнда негізгі мақсаттардың бірі – оқу жүктемесін оңтайландыру және оқу материалдарының сабақтастығын қамтамасыз ету.
Сонымен қатар оқушылардың оқу, жазу, математикалық және функционалдық сауаттылығының берік негізін қалыптастыруға басымдық беріледі.
Мысалы, 1–4-сыныптарға арналған «Математика» пәнінің бағдарламасы қайта қаралды. Барлығы 244 оқу мақсаты толық қайта зерделенді.
Бағдарлама бұрынғыға қарағанда практикалық сипатқа ие болды. Күрделі тақырыптардың үштен бірі жеңілдетілді. Ал балалардың жас ерекшелігіне сәйкес келмейтін сабақтардың шамамен 14 пайызы оқу бағдарламасынан алынып тасталды немесе орта мектепке ауыстырылды.
Бірінші сынып оқушылары үшін де оқу жылының басында арнайы бейімделу кезеңі енгізіледі.
– Тілдік пәндерде қандай өзгеріс бар?
– Тілдік пәндердің мазмұны да жаңартылды. Мысалы, әліппеге дейінгі кезең 12 сағатқа дейін ұзартылды.
«Әліппе» пәнін оқытуға 84 сағат бөлінеді. Ал «Ана тілі» пәні екінші жартыжылдықтан бастап оқытылады.
Сонымен бірге оқытуды қазақ тілінде алғаш бастайтын балалар үшін арнайы тілдік бейімдеу бағдарламасы енгізіледі.
Бұл өзгерістердің барлығы баланың мектепке біртіндеп бейімделуіне және оқу мен тілдік дағдыларды берік қалыптастыруына бағытталған.
– Жаңартылған бағдарламалар барлық мектепке бірден енгізіле ме?
– Бағдарламаларды енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
2026 жылы жаңартылған бағдарламалармен қамту көрсеткішін 50 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. 2027 жылы бұл көрсеткіш 80 пайызға, ал 2028 жылы 100 пайызға жетуі тиіс.
Күтілетін нәтиже де нақты белгіленген. Жаңартылған оқу бағдарламаларын іске асыру нәтижесінде математика және тілдік пәндер бойынша білім сапасын 2027 жылы 15 пайызға, ал 2028 жылдың қорытындысы бойынша 35 пайызға арттыру көзделіп отыр.
Яғни жүргізіліп жатқан реформалардың түпкі мақсаты – тек оқу бағдарламасын өзгерту емес, оқушының нақты білімін, сауаттылығын және өмірде алған білімін қолдану қабілетін арттыру.
– Демек, алдағы өзгерістердің ортасында мұғалім де, оқушы да тұр деуге бола ма?
– Иә. Бір жағынан, педагогтің құқығы мен әлеуметтік жағдайын қорғау арқылы оның кәсіби жұмысына қолайлы жағдай жасау көзделеді. Екінші жағынан, оқушыға түсетін оқу жүктемесін оңтайландырып, оның базалық білімін, функционалдық сауаттылығын, құқықтық және қауіпсіздік мәдениетін күшейтуге басымдық беріледі.
Мұғалімнің кәсіби әлеуеті жоғары, ал оқушының алған білімі өмірмен байланысты болған жағдайда ғана білім сапасы тұрақты өседі.
Сондықтан қазіргі өзгерістерді жеке-жеке шара ретінде емес, педагогті қолдау, білім мазмұнын жаңарту, оқушы қауіпсіздігін күшейту және жауапты азамат тәрбиелеуге бағытталған өзара байланысты жүйе ретінде қарастырған дұрыс.
Олжас Әбдіхалық
← Назад

