Курсы валют
Погода
| Вс | Вт | Ср | Чт | Пт | Сб |
| +13° | +20° | +23° | +21° | +22° | +23° |
| +11° | +12° | +13° | +13° | +11° | +13° |
халықаралық жоғары білім мекені
Университеттің 2025 жылғы қабылдауға арналған ресми прейскурантында ақылы бакалавриат бағдарламаларының құны мамандыққа қарай әртүрлі белгіленген. Мысалы, колледжден кейінгі қысқартылған оқу бойынша екі шетел тілі мұғалімі бағдарламасы – 1,2 млн теңге, аударма ісінің кейбір бағыттары – 1,0–1,3 млн теңге, шетел филологиясы – шамамен 950 мың–1,3 млн теңге, менеджмент және маркетинг пен халықаралық бизнес – 950 мың теңге көлемінде көрсетілген.Абылай хан университетінің халықаралық сипатындағы ең қызықты көрсеткіштердің бірі – шетелдік студенттер санының өсуі.
Ректордың есебіне сәйкес, университетте тұрақты негізде оқитын шетелдік студенттер саны 2023–2024 оқу жылындағы 149 адамнан 2024–2025 жылы 224 адамға, ал 2025–2026 оқу жылында 603 адамға дейін өскен. Бұл үш жыл ішінде шетелдік контингенттің төрт еседен астам артқанын көрсетеді. Бұл – университеттің халықаралық білім беру орталығы ретінде тартымдылығының артқанын білдіретін маңызды көрсеткіш.
2026 жылғы қаңтарда Түрікменстаннан келген, 6В04202 – Халықаралық құқық бағдарламасының 1–2 курс студенттері халықаралық қысқы мектепке қатысқан. Ал Тәжікстан мен Түрікменстан студенттерінің Орталық Азиядағы тілдік және академиялық жобаларға қатысуы да өңірлік білім байланыстарының кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. 2023 жылғы жапон тілі бойынша Орталық Азия шешендік өнер байқауына Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан студенттері қатысқан.
Қос диплом – дипломнан да үлкен мүмкіндік
Бүгінгі студент үшін бір диплом жеткіліксіз болуы мүмкін. Себебі халықаралық еңбек нарығы тек дипломға емес, халықаралық тәжірибеге, тілдік және мәдени құзыретке қарайды. Абылай хан университетінде қос дипломдық білім беру бірнеше шетелдік университеттермен жүзеге асырылады. Университеттің ресми мәліметіне сәйкес, қос диплом бағдарламалары бойынша 13 шетелдік университетпен ынтымақтастық жасалған; бакалавриаттың 11 және магистратураның 13 мамандығы қамтылған. Серіктестер қатарында Қытайдың UniversityofInternationalBusinessandEconomics(UIBE), WuhanUniversity, SouthwestUniversity, сондай-ақ Оңтүстік Кореяның KyungHeeUniversityсияқты университеттері бар. Бағдарламалар арасында халықаралық қатынастар, халықаралық құқық, аударма ісі, шетел филологиясы, журналистика, маркетинг, туризм, экономика және мемлекеттік басқару бағыттары кездеседі.
Халықаралық байланыстар университеттің тағы бір күшті бағыты. Университет мәліметі бойынша, жыл сайын 300-ден астам студент шетелдік жоғары оқу орындарына академиялық бағдарламалар бойынша жіберіледі. Оның ішінде бір семестрлік немесе бір жылдық академиялық ұтқырлық, қос диплом және жазғы мектептер бар. 2024–2025 оқу жылында сыртқы академиялық мобильдікке 178 студент, ал 2025–2026 оқу жылында 156 студент қатысқан. Олар Оңтүстік Корея, Түркия, Германия, Индонезия, Қытай, Малайзия, Чехия, Швейцария, Нидерланд, Франция, Италия, Жапония сияқты елдерге барған. Университет сонымен бірге халықаралық ұйымдардың мүшесі болып табылады және Erasmus+, халықаралық ғылыми жобалар, шетелдік профессорларды тарту және академиялық алмасу бағыттарын дамытып келеді. 2026 жылы университетте Erasmus+ бағдарламасы бойынша ақпараттық сессия өткізілуі де халықаралық байланыстардың қазіргі күн тәртібінде тұрғанын көрсетеді.
Халықаралық қатынастарда негізгі тіл – ағылшын, ал таңдауға француз, неміс, корей немесе қытай тілдері ұсынылады. Шығыстану бағытында қытай, корей, түрік, араб және жапон тілдерін игеру мүмкіндігі бар. Аударма және филологияда еуропалық және шығыстық тілдер үйлеседі. Бұл тәсілдің философиялық мәні терең. Неміс ойшылы әрі мемлекет қайраткері Иоганн Вольфганг Гёте: «Шетел тілдерін білмеген адам өз тілін де білмейді» деген. Ал Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көптілділік туралы: «Өз тілің – бірлік үшін, өзге тілдер – тірлік үшін» деп атап, жастар көп тіл білген сайын бәсекеге қабілетті маман болатынын айтқан. Қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлы адам баласының білім мен ғылымға ұмтылуын ұлттық дамудың негізі санады. Оның «Ғылым таппай мақтанба» деген өсиеті бүгінгі студентке де тікелей бағытталғандай. Ал әл-Фараби мұрасы білімнің адамды жетілдіретінін, ғылым мен тәрбиенің қоғам үшін маңызын көрсетеді. Қазіргі халықаралық білім беру моделінде де дәл осы қағида сақталған: кәсіби білім мен адамгершілік, тіл мен мәдениет, ғылым мен тәжірибе қатар жүруі тиіс. Абылай хан есімімен аталған университет үшін бұл сабақтастықтың символдық мәні ерекше. Бір жағында – дала дипломатиясының тәжірибесі, екінші жағында – қазіргі халықаралық қатынастардың күрделі әлемі. Бір жағында – ұлттық тіл мен мәдениет, екінші жағында – ағылшын, қытай, корей, түрік, араб, жапон және еуропалық тілдер.
Абылай хан атындағы университеттің алдында бүгін жаңа дәуірдің жаңа сұрақтары тұр: жасанды интеллект дәуірінде шет тілін қалай оқытамыз? Аудармашының кәсібі қалай өзгереді? Дипломатқа қандай тілдік және аналитикалық қабілет қажет? Халықаралық бизнестегі маман қанша тіл білуі тиіс? Орталық Азия елдерінің – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан жастарының академиялық байланысын қалай күшейтеміз? Университеттің қазіргі даму бағыты бұл сұрақтарға жауап іздеп отыр. Оның стратегиясында халықаралықтандыру, цифрлық трансформация, халықаралық академиялық ұтқырлық, қос диплом, ғылыми ынтымақтастық және жаңа буын мамандарын даярлау басым бағыттар ретінде белгіленген. Абылай хан атындағы университет – өткеннің ескерткіші емес, өткен тәжірибені болашақтың талабымен байланыстырып тұрған тірі білім ордасы.
1941 жылы соғыс жағдайында шет тілінің мұғалімдерін даярлау мақсатында құрылған шаңырақ бүгін халықаралық қатынастар, дипломатия, құқық, бизнес, журналистика, туризм, аударма және көптілді білім беру кеңістігіне айналды. Тіл – мұнда пән ғана емес. Тіл–кәсіп. Тіл–дипломатия. Тіл–мәдениет. Тіл – халықаралық түсіністіктің көпірі. Ал университеттің басты міндеті – сол көпір арқылы Қазақстан жастарын әлемге шығару ғана емес, әлемді Қазақстанды түсінуге шақыратын жаңа буын мамандарын қалыптастыру. Грант санының өсуі, шетелдік студенттер контингентінің бірнеше есеге ұлғаюы, қос диплом бағдарламаларының кеңеюі және академиялық ұтқырлықтың сақталуы – университеттің халықаралық бағыттағы әлеуеті бар екенін көрсетеді. Ендігі міндет – осы мүмкіндіктердің қолжетімділігін кеңейтіп, грант үлесін арттыру, Орталық Азиядан келетін тәжік және түрікмен студенттерінің үлесін жүйелі түрде зерттеу және халықаралық тәжірибені әр студентке нақты кәсіби артықшылыққа айналдыру. Абылай хан университетінің тарихы – тіл үйретуден басталып, әлеммен сөйлесуге дейін жеткен тарих. Ал әлеммен сөйлесетін ұрпақтың ертеңі – бүгінгі аудиториядан басталады.
Асемгүл ГАЛИМОВА

