Курсы валют
Погода
| Вс | Вт | Ср | Чт | Пт | Сб |
| +13° | +20° | +23° | +21° | +22° | +23° |
| +11° | +12° | +13° | +13° | +11° | +13° |
Кішкентай қадамдардан — ғылым шыңдарына
Бүгінболса, жаңашәкірттерімніңжетістігіменіқайтаданқолғақаламалуғажетеледі. Төртінші сыныпты аяқтап, келесі шәкірттерімді бірінші сыныпқа қабылдаған кезде ғылыми жобаларға қатысудан бір жылға үзіліс алдым. Бұл уақытты балалардың мектепке бейімделуіне, сауат ашуына, өз ойларын еркін жеткізуге батылдық танытуына арнадық. Биыл олар екінші сыныпқа қадам басқанда, «Бісміллә!» деп, ғылым жолындағы жаңа белестерді бағындыруға дайындықты бастадық.Біз қатысқан байқау — оқушылардың «Зерде» Республикалық зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстарының конкурсы. Оның аудандық кезеңі жас ізденушілеріміз үшін өз білімдерін сынап, еңбектерін көпшілік алдында таныстыратын жауапты да маңызды алаң болды.
Мұғалім үшін жаз мезгілі — демалып, күш-қуат жинайтын кезең. Сонымен қатар, көңілінің бір түкпірінде шәкірттері, жүзеге асырғысы келетін ойлары мен әлі ашылмаған мүмкіндіктері туралы толғанатын уақыт. Менің де жазғы күндерімнің бір бөлігі болашақ ғылыми жұмыстар туралы ойлануға, әдебиеттерді зерделеуге, балалардың жас ерекшелігі мен қызығушылығына сай зерттеу бағыттарын айқындауға арналды. Алайда кез келген ойдың шынайы жобаға айналуы баламен бірлесе жұмыс істеуден басталады. Таңдалған тақырып балаға түсінікті ме? Ол нені білгісі келеді? Қандай сұраққа жауап іздейді? Өз қолымен не жасап, қандай нәтижеге қол жеткізе алады? Дайындық барысында осы сұрақтарға қайта-қайта оралып, әрқайсысына жауап іздедік.
Бастауыш сыныптағы ғылыми жұмыстың құндылығы — баланың жас ерекшелігіне сай келмейтін күрделі сөздерді жаттауында емес. Оның басты құндылығы — баланың бақылауында, салыстыруында, сұрақ қоюында, өз болжамын сынап көруінде және байқағандарын өз сөзімен түсіндіре білуінде. Ал ұстаздың міндеті — осы ізденіске бағыт-бағдар беру, баланың дербестігін қолдау және оның әрбір кішкентай жаңалығына мән беру.
Ғылыми жобаны дайындау барысында жұмыстың өзіндік ерекшелігі, пайдаланылған дереккөздерді дұрыс көрсету, өз еңбегіне жауапкершілікпен қарау мәселелері де алдыңғы орынға шығады. Антиплагиат тексерісінің нәтижесін тағатсыздана күткен сәттегі толқыныс бізге де жақсы таныс. Тексерістен сәтті өтуіміз дайындықты одан әрі жалғастыруға жаңа шабыт берді. Алдымызда жобаның мазмұнын жетілдіру, нәтижесін нақты тұжырымдау және оны қорғауға дайындалу міндеттері тұрды. Аудан бойынша жеті жүзден астам оқушы қатысқан байқаудың жауапкершілігін терең сезіндік. Бірінші сыныпты жақында ғана аяқтаған балалар үшін қазылар алқасының алдында сөйлеудің өзі үлкен сынақ. Оның үстіне, ана тілінде білім алып жүрген шәкірттерім өз жұмыстарын қазақ және орыс тілдерінде қорғады. Өз ойын өзге тілде жүйелі жеткізу, сұрақты түсініп, оған жауап беру олардан біліммен қатар батылдықты да талап етті. Жобаның неліктен маңызды екенін түсіндіру, оның өзіндік ерекшелігін ашу, дайындалған өнімді таныстыру және қол жеткізген нәтижені дәлелдеу — оңай міндет емес. Мұның артында бірнеше рет өңделген мәтіндер, дайындық сабақтары, ізденістер, толқыныстар және әрбір кішкентай жетістіктен туған қуаныш жатыр. Бұл жолдан өткен ұстаз әрбір нәтижеге жетудің артында қаншама еңбек жатқанын жақсы біледі.
Біз күткен сәт те келіп жетті. Екінші сыныптың сүйкімді шәкірттерім — Махмутжанова Сафия, Махмуджанова Нұрхайат, Құтлұжанова Әсинат және Садыкова Айша өз жобаларын қорғап, аудандық кезеңде бірінші орынға ие болды. Сол сәттегі жүрек толқынысын сөзбен толық жеткізу қиын. Көз алдыма олардың дайындық кезіндегі табандылығы, толқынысын жеңуге тырысқаны, білгендерін жеткізуге деген талпынысы елестеді. Кішкентай шәкірттерімнің бойында «Мен де қолымнан келетінін дәлелдей аламын!» деген сенімнің нығайғанын көру — мен үшін ең үлкен қуаныш болды. Еңбегіміздің жемісін көруді нәсіп еткен Ұлы Аллаға сансыз шүкіршілік айтамын. Осы жолда менімен бірге аянбай еңбек еткен ата-аналарға деген алғысым шексіз. Олардың уақыт бөліп, балаларының сұрақтарына құлақ асуы, ізденістерін қолдауы және толғаныстарына ортақтасуы — бұл жетістіктің маңызды бөлігі. Бала ұстазы мен ата-анасының өзіне сенетінін сезінгенде, оның әрбір қадамы нық әрі сенімді бола түседі. Бұл қуаныш төрт оқушының жетістігімен ғана шектелген жоқ. Ол ата-аналарының, ата-әжелерінің, туған-туыстарының және сыныптас достарының жүрегіндегі білімге деген үмітті де оятты. Құрдасының ізденіп, нәтижеге жеткенін көрген баланың көңілінде де «Мен де байқап көрсем ше?» деген ниет пайда болады. Бір баланың жетістігі екінші баланың алғашқы қадамына түрткі болуы әбден мүмкін. Алдымызда қалалық кезең күтіп тұр. Демек, тағы да ізденеміз, үйренеміз, дайындаламыз. Бүгінгі жетістік бізге қуанышпен қатар жаңа жауапкершілік те жүктеді. Балалардың қызығушылығын сақтау, өз күшіне деген сенімін арттыру және бастаған ісін соңына дейін жеткізуге үйрету — алдағы басты міндетіміз.
Мен осы төрт шәкіртімнің болашақта талай биіктерді бағындыратынына сенемін. Өйткені олар ғылым жолындағы ең маңызды алғашқы қадамды жасады: сұрақ қоюға, жауап іздеуге және өз ойларын көпшілік алдында еркін жеткізуге батылдық танытты. Бүгін бала жүрегіне егілген білім дәні мейіріммен, сеніммен және еңбекпен суарылса, ертең міндетті түрде көктеп, бүр жарады. Кішкентай ғалымдардың үлкен қадамдары дәл осы дәннен бастау алады.
Бувхеличям Обулқасымқызы.

